Жетісулықтар «Қазақстан Конституциясына — 25 жыл» медалімен марапатталды

Облыстық әкімдіктің үлкен залында өткен салтанатты шара Қазақстан Республикасының Гимнімен басталды. Кеудеге қол қойып, әнұран айтылған соң сөз тізгінін қолына алған облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, Жетісу жерінің жетістігіне үлес қосқан жандарға ризашылық білдірді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады» , — деген болатын. Уақыт бір орнында тұрмайды, тарих тоқтамайды, соған сай елдің де өсіп-өркендеуі үздіксіз жалғасады. Мемлекет басшысы қол жеткізген жетістіктер арқылы Тұңғыш Президент-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салып берген жолын  жалғастыруға, Стратегиясын одан әрі нығайтуға бәрімізді жұмылдырып отыр. Биыл бүкіл әлеммен бірге еліміз де аса жауапты сыннан өтті. Сындарлы кезеңде біз бір-бірімізге жәрдем көрсетіп, береке-бірлік таныта білдік. Елдегі жағдайға байланысты, пандемияның алғашқы күндерінен-ақ, Мемлекет басшысының бастамасымен облысымызда ауқымды шаралар атқарылды. Көп азаматтар батыл да, табанды қызмет етіп, нағыз қайсарлық пен шеберліктің үлгісін көрсетті, — деді Амандық Баталов.

Салтанатты шараға жиналған жұртшылыққа Жетісу жерінің жетістігі мен табысын таныстырған облыс әкімі бұдан соң өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың кеудесіне «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалін өз қолымен қадап, құрмет көрсетті. Жалпы, мұндай медаль облыс бойынша 653 адамға табысталады.

Конституция күнінің аясында өңірдің мәдени өміріне үлес қосып жүрген «Құрмет» орденінің иегері, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актері Серік Нұрхалық, ҚР Мәдениет қайраткері, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры директорының орынбасары Ғалия Темірбаева, Қазақстан Еңбек сіңірген қайраткері, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Әлихан Ыдрышева «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын еншілесе, бірнеше азамат «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, облыстағы ең үздік мәдениет мекемесі ретінде «Анаға құрмет» музейіне көліктің кілті табыс етілді.