Қаскелең тұрғыны Еркежан Жанат 13 жаста. Кішкентайынан өнерге жақын. 2017 жылдан бері Алматыдағы Smart өнер мектебіндегі вокал, сольфеджио, фортепиано, актерлік шеберлік, хорегография, дәстүрлі ән үйірмесіне қатысады. «Бұл мектепке кездейсоқ қабылдандым» дейді өзі.
Аянат деген сіңлім Smart мектебіндегі вокал үйірмесіне қатысатын. Бірде Аянатты үйге алып қайтуға бардым. Сол кезде мекеменің басшысы Сәкен Майғазиев мені байқап қалып, даусымды тексеріп, ұнатып қалды. Кейін осы директордың кеңесімен тыңдалымға келдім. Кейін менің ең алғашқы ұстазым болатын Әлия Сапарқызы дауыс жаттығуларын өткізіп, тексерді. Барлығын дұрыс орындап шықтым. Ақыры мені Smart мектебіне қабылдады. Негізі оған дейін Қаскелеңдегі вокал үйірмесіне қатысып жүрген едім, — дейді жас өнерпаз.
Бірнеше өнер түрін меңгерген Еркежанның бос уақыты аз. Аптаның әр күні жоспарланған. Күнделікті Қаскелең-Алматы арасындағы жолдың шаршататыны болмаса, өзге уақытын тиімді өткізетініне қуанышты.
Ағам күнде қалаға апарып, алып келеді. Дүйсенбі — вокал және фортепиано, сейсенбі — актерлік шеберлік және сольфеджио, сәрсенбі — ағылшын мен хореография, бейсенбі — вокал, сенбі — би, солфеджио және актерлік шеберлік үйірмесі. Жұма мен жексенбі күні демаламын.
Карантин кезінде Smart өнер мектебі онлайн түрде жұмыс істеді. Қазір 20 шақты бала мекемеге барып оқып, тәлімгерлерге онлайн-дәріс түсіруге көмектесіп жүр екен. Олардың арасында Еркежан да бар.
Кәдімгідей мектепке барып, оқып жүрміз. Сабағымызды апайлар видеоға түсіреді. Бейнероликте дем алу жаттығуларынан бастап соңғы дәріске дейін көрсетіледі. Кейін ол арқылы басқа оқушылар, тіпті Қазақстандағы өзге өнер мектептері де оқи алатын болады.
Бір емес, бірнеше өнерді қатар алып жүргенін Еркежан дұрыс деп есептейді. Себебі әрқайсысы — өз бетінше керек дүние.
Негізінен ән айтсам да, биге қатысуым керек деп санаймын. Себебі әншінің дене бітімі дұрыс болуы қажет, сахнада өзін еркін ұстап, қимылдай білгені дұрыс. Одан әншінің өнері көркемдене түседі.
Осы уақытқа дейін жас әнші біраз жетістікке жетіп үлгірген. Түрлі республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, халықаралық байқауларға жолдама алған. Өнерінің арқасында Германия, Испания, Франция, Санкт-Петербургте саяхаттаған.
Германияда «Әлемнің інжу-маржандары» атты байқауға вокал бойынша қатысып, «Бас төрешінің сүйікті қатысушысы» атты номинацияға ие болдым. 2019 жылы Smart өнер мектебінен алты бала Испанияға тағы бір конкурсқа бардық. Ондағы сайыстан екі бала Санкт-Петербургте өтетін екінші кезеңіне жолдама алдық. Сәті түсіп, байқаудан жүлделі бірінші орын иелендік, — дейді өнерпаз.
Еркежанға шетелде өтетін байқауларға барған ұнайды. Себебі әр сапар сайын бұрын көрмеген жермен танысып, жаңа достар табады екен.
Қазақстанда өтетін байқаудың көбінде тек өнерімді көрсетіп, қайтып кететінмін. Көп ешкіммен араласпайтын едім. Ал шетелде басқа балалармен танысып, сөйлесіп, жақсы достар табамын. Одан бөлек саяхат кезінде түрлі қызық оқиға болады. Әлі есімде, Smart мектебінің балалары және жетекшілері Париждегі Disneyland саябағына бардық. Бір кезде қарнымыз ашты. Қазақстаннан қазы алып алғанбыз, соны саябақтың дәл ортасында тұрып жедік. Жанымыздан өткен адамдар «бұл не тағам?» деп таңырқап жатты. Сонымен бірге апайлар автобуста қызық әңгімелері мен пайдалы кеңестерін айтады. Осындай атмосфера маған ұнайды, — дейді ол.
Еркежанға түрлі байқауға, мерекелік кешке қатысу үшін сабақтан жиі сұрануға тура келеді. Тіпті мұғалімдері ренжіп те жатады. Дегенмен сабақ үлгерімі жақсы.
8-класқа көштім, барлық пәнді үздік бағаға бітірдім. Кейде апайларым сұрана бергенім үшін ұрсады. Бірақ мектепке арнайы рұқсат қағазын апарамын. Кейін мұғалімдерден қосымша тапсырма алып, қалған сабағымның орнын толтырамын, — дейді оқушы,
Қазір Еркежан ән айтудан бөлек математика және ағылшын пәнін тереңірек оқып жатыр. Болашақта Гарвард университетіне түскісі келеді.
Карантин кезі маған оң әсер етті. Біраз тынығып қалдым, ағылшын тілі курсына көбірек зейін қойып, деңгейімді жоғарылаттым, — дейді ол.
Еркежан үй шаруасына да пысық. Түрлі тәтті бәліш пісіреді, қолөнермен айналысады. Кәсіпкер боламын деген арманын қазірден бастап кеткен. Жіптен, түрлі бұйымнан білезік жасап, сатады екен.
Бизнес саласына да қызығамын. Сол себепті болашақта өнер мен кәсіпті байланыстырғым келеді. Жалпы өмірде өз жолымды табуды қалаймын, — дейді жас талант.