Рахман Алшанов: Қашықтан оқыту тәжірибесін дамыта беру керек

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай режимін ұзарту туралы жарлықты дамыған елдер тәжірибесі бойынша шығарып отыр.

Бұған дейін карантин қашанға дейін созылатыны туралы түрлі болжам болды. Президенттің төтенше жағдай режимін мамырдың 11-іне дейін ұзартқаны — дұрыс шешім. Мамырда мереке көп. Мейрам күндері бәрі далаға шығып, індет одан сайын өршуі мүмкін. Өндіріс орындары жұмысқа шыққысы келеді, халық та үйде отырудан жалықты, оңай емес. Дегенмен Президент дұрыс шешімге келді. Оның үстіне, бірнеше жеңілдік жасап отыр. 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе рейстері ашылады. Бірнеше өнеркәсіп әзірден жұмысын жалғастырып жатыр. Саяжайға баруға да рұқсат беріп отыр. Қазір пандемиямен күресеміз бе, әлде экономиканы қолдаймыз ба? Шынын айтқанда, қиын кезеңде тұрмыз. Президент мұндай кезде сақтық шараларын ұстансақ, індетпен де күресіп, экономиканы да көтеруге болатынын айтып отыр, — дейді Рахман Алшанов.

Президент жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер қашықтан оқыта беруі керек екенін айтты. «Тұран» университетінің ректорының айтуынша, оқу орындары үшін бұл тосын жаңалық емес, қазір жоғары білім ұжымдарында мамырда басталатын сессияға дайындық жүріп жатыр.

Біз, «Тұран» университеті күнде Білім және ғылым министрлігімен байланыстамыз. Қашықтан оқыту тоқтамайды. Емтихан тапсыру, диплом қорғау қалай жүретінін қазір әр университет өз тәжірибесіне қарай ойластырып жатыр. Министрлік қандай техниканы, әдісті қолдануға болатынын айтты. Қашықтан оқытып, біраз тәжірибе де жинадық. Мамырда сессия басталады. Карантин біткен күнде де қашықтан оқыту тәжірибесін пайдаланып, дамытуға болады деп ойлаймын, — дейді ол.