Мұғалімдер WhatsApp мессенджерін қалай дұрыс қолдануы керек?

Нұсқаулық жеті пункттен тұрады.

БІРІНШІ. Профиліңіздегі баптауларды (настройка) басып, аты-жөніңізді дұрыстап, адам бірден сіз екеніңізді танитын қылып жазасыз. «Отбасым — байлығым», «Аман болайық» деп жазып, гүлдің, тағы басқа нәрселердің суретін қою жарамайды. Отбасыңызбен түскен суретіңіз, атаңыз, әжеңіз, ит-мысық, қошақаныңыз да керек емес. Түсініңіз, сіз мұғалім болған соң WhatsApp-тағы дос-жаран, туған-туыс екінші планға кетеді. Сіз бұл желіде ең алдымен ата-аналармен, балалармен коммуникация жасайсыз. Негізі, жеке коммуникацияға басқа аккаунт болғаны дұрыс. Міндетті түрде өзіңіздің фотоңыз, аты-жөніңіз (аты-жөні немесе *** апай деген форматта) тұруы керек. Сіздің нөміріңіз ата-ананың бәрінде бар емес қой. Ата-аналармен сөйлесіп, не балалардың өзіне айтып, балаларадың да өз аты-жөнін толық жазып, қай баланікі қай нөмір екенін анықтау оңай болуы үшін өз суретін қоюды сұраңыз.

ЕКІНШІ. Пән бойынша чат құрғанда чат атауын «ПӘН АТАУЫ — КЛАСС» форматында ғана жазыңыз және топтың аватарына сол пән оқулығының суретін салыңыз. Қолыңызда оқулық бар шығар? Чат құрғаннан кейін «Бұл осы сабақтың чаты, осы сабақ осындай күндері, осындай уақытта өтеді, бәрің қатысыңдар» деген сарында және балаларға ереже болатын нұсқау беріп, кіріспе сөз жазыңыз. Дауыс хабарлама жібермеңіз, жазыңыз.

ҮШІНШІ. Тек дауыс хабарлама жібере бермеңіз. Арасында жазып та тұрыңыз. Ол үшін компьютерде WhatsApp Web бағдарламасын қолданыңыз. Сонда кез келген ұзақ мәтінді жарты сағат дауыс хабарламамен емес, мәтін күйінде жазып жібере аласыз. Ұзақ дауыс хабарлама қағазға жазып, дайындап қойған нәрсені оқығанда ғана орынды. Бұдан өзге жағдайда ойыңызды жеткізе алмай, кідіріп, күмілжіп сөйлеп, бір айтқанды қайта айтып, айтпағанды ұмытып кетіп, масқара боласыз. Одан да мәтін қылып теріп, бас-аяғын түгендеп, ҚАТЕСІН ТҮЗЕП барып жіберіңіз.

ТӨРТІНШІ. Сабақ кестесін, бір күндегі сабақ ретін, не нәрсені қай уақытқа дейін орындау керек екенін ТАҢЕРТЕҢ, сабақ басталмай тұрып, мәтін форматында жазып, группада бекітіп қоясыз. «Апай, не істейміз?», «Енді не?» деп сұраған балаларға қайта-қайта дауыс хабарлама жіберіп отырмайсыз, сол бекітілген хабарламаны жолдай саласыз. Әр сабақ басталғанда «Кітаптың мына бетін ашыңдар, бүгін мынандай тақырып өтеміз» деп бастап, Balapan телеарнасындағы сабақта қамтылмаған нәрсені айтып, толықтырып, дауыс хабарламамен-ақ сабақты түсіндіріңіз.

Сабақты түсіндіріп болған соң қай тапсырманы қазір орындайтынын, қай тапсырманы кейін орындауға болатынын жазыңыз. Дауыс хабарлама емес. Жазылған нәрсені чаттан тауып алу оңайырақ.

БЕСІНШІ. Тапсырма бергенде кітап бетін қалай болса, солай суретке түсіре салып, «мынаны орындаңдар» демейсіз. Қай пәнде қай беттегі қай тапсырманы орындау керек екенін, не нәрсеге мән беру керек екенін мәтін қылып жазыңыз. МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БЕТІН КӨРСЕТІҢІЗ. Дауыс хабарламамен қайталап айтсаңыз да, артық емес. Қосымша тапсырма, материал болса, суретін, сілтемесін жіберіңіз.

АЛТЫНШЫ. Чатты базар қылмайсыз. Базар қылғандарды тыйып отырасыз. Үзік-үзік дауыс хабарлама жібермейсіз.

ЖЕТІНШІ. Қазақша қаріптер бар, тегін. Орнатып алыңыз.