Асқар Мамин әрбір жұмыссыз адамның профайлын құруды тапсырды

Асқар Мамин Үкімет отырысында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру туралы айтты. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл соңына дейін 4 ай ғана қалды. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет — азаматтарды жұмыспен қамту. Қажет ресурстар бөлінген, барлық құрал бар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктердің пайда болуына жол бермеу керек, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы әкімдіктерге әрбір жұмыссыз адамның профайлын құруды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сонымен бірге Асқар Мамин Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту және қолдау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.