Қызылорда облысы әкімі 600 орындық жаңа мектеп кірпішін қалады 

4 жыл бұрын Қызылорда-Жезқазған трассасының бойынан 6 600 отбасына арналған «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданы ашылған. Бүгінде мөлтек ауданында 70 отбасы қоныстанса, аталған отбасылардың мектеп жасындағы оқушылары қала орталығындағы мектептерге қатынап білім алып жатыр. Осыған орай 600 орындық мектеп құрылысы басталды.

Фото: Қызылорда облысы Ішкі саясат бөлімі

Мектеп 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында салынып жатыр. Білім ошағын салуға 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жаңа мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы 3 жылдың жоспарына сәйкес «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданында мектеп жасындағы оқушылар саны 1500-ге жуық болады деп жоспарланып отыр.

Шарада білім саласының ардагері Мылтықбай Баймбетов жаңа білім ұясы елге белгілі азаматтардың түлеп ұшатын озық оқу ордасына айналуын тілеп, деп бата берді. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаева қатысты.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста сегіз мектеп салынып жатыр. Оқу жылына Қызылордадан және Жалағаш ауданынан екі мектеп пайдалануға беріледі. Оған қоса, Арал ауданы мен Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп жыл соңында аяқталады.