Роза Есенқұлованың негізгі кәсібі — журналист. Ол бұған қоса шетелге тур сатумен де айналысқан. Кейінірек коронавирус пандемиясына байланысты бұл жұмысы тоқтайды. «Қосымша табыс бола ма» деп Роза баристаның курсын оқып, сертификатын алады.
Қазір Алматыда кофехана көп. Сол себепті карантин кезінде баристаның курсын оқып шықтым. Бірақ мамандығымды түбегейлі ауыстырдым деп айта алмаймын. Журналистика саласында әлі жұмыс істеп жатырмын. Туризм бойынша да жұмысым ақырындап басталды. Халық Ақтауға, Алакөлге, Түркияға тур сатып алып жатыр, бірақ бұрынғыдай көп емес, — дейді ол.
Розаның айтуынша, бариста болу да — өнер. Өйткені бір жерде қателессең, бәрін қоқысқа тастап, сусынды қайта дайындау қажет. Әйтпесе, кофенің дәмі бұзылады. Роза курс кезінде қоқысқа кеткен сүт пен кофеде есеп жоқ екенін айтады.
Бұрын-соңды кофе қайнатып көрген емеспін. Бірақ бұл сусынды жақсы көремін, тек табиғи түрін ішемін. Курс кезінде Әли есімді оқытушым бәрін көрсетіп, үйретті. Алғашқы күні теорияны меңгердік. Кофе туралы айтылды, арабика мен робустаның қандай айырмашылығы бар, қай жерде өседі, оны қалай қуырады — бәрін білдік. Содан кейін эспрессо жасауды үйрендік. Оны ең көп дегенде 20-22 секунд қайнату керек екен. Секундомер қосып қойдық. Бұл маған қиын болды, өйткені уақытты ұмытып кете беремін. Кофе қайнатуға да математика қажет болып шықты. Себебі өзінің есептеу әдістері бар, соның бәрі миыңда тұруы қажет. Бұдан бөлек кофе қайнатқанда қоспаны дұрыс өлшеу де маңызды. Асүй таразасымен кофені тура 18 грамм етіп салу керек. 18,1 грамм да, 17,9 грамм да болмайды. Осыған машықтану да қиын. Біресе көп салып қоясың, біресе аз өлшеп аласың, — дейді журналист.
Бариста болып жұмысқа тұру үшін көп практика керек. Роза бұл кәсіпте қалып, жұмыс істеуді жоспарлап отырған жоқ.
5 күн үйренген білім жетпейді, бұл жай ғана танысу болды. Жұмысқа тұрғым келсе, кофеханаларға барып, практика өтуіме болады. Бірақ бариста болып жұмысқа тұрайын деп жатқан жоқпын. Журналистика, туризм саласындағы жұмыстарым бар, — дейді ол.
Азамат Сармантаев карантинге дейін Алматыда шетелден келген туристерді тасыған. Бұл жұмысы тоқтап қалғандықтан қазір саудамен айналысып жүр.
Қалаға келген қонақтарды Шымбұлаққа, Медеуге, Үлкен Алматы көліне апаратынмын. Коронавирус пандемиясының кесірінен бәрі тоқтап тұр. Осылайша кәсібімді ауыстыруға тура келді. Қазір саудамен айналысамын, — дейді ол.
Азамат коронавирусқа қатысты ахуал түзеліп, елге туристер келіп жатса, бұрынғы кәсібін жалғастырғысы келеді. Ол жұмыстың өзіне ұнайтынын және үйреніп қалғанын айтады.
Гүлзина Мәлікова Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде сатушы болып жұмыс істепті. Сол жерде жүріп SMM (әлеуметтік желілердегі маркетинг) мен таргет-жарнаманы меңгерген. Коронавирус пандемиясына байланысты карантин енгізілген соң осы салаларға бейімделіп, жұмысын жүргізген.
Карантин кезінде көп адамға таргет-жарнама істеп бердім, осы арқылы ақша таптым. Инфобизнес саласын меңгеріп, сонымен де айналыса бастадым. Адамдарға пайдалы курстарды, сайттарды сатып, табыс таптым. Оны сату жолдарын үйрендім. Офлайн жұмысқа қарағанда онлайн жұмыс істегенде табысым өсе түсті, — дейді ол.
Гүлзинаның айтуынша, онлайн жұмыс істегенде артық шығыннан құтылуға болады. Жолға ақша кетпейді, түскі ас сатып алмайсың.
Қоғамдық көлікке отырып, жұмысқа барып-келу де адамның энергиясын алады. Үйдің шаруалары да бар. Көп нәрсеге үлгермей қалатынмын. қазір бәрі басқаша. Кез келген уақытта жұмыс істей бересің, арасында үй жұмысымен де айналысасың. Ұшақтан түскенде, пойызда отырғанда сатқан өнімдерім болды. Ең бастысы шығын азайды, табыс көбейді, — дейді Гүлзина.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 13 тамыз сағат 09.00-дегі мәліметі бойынша шілдеде карантин шектеулері енгізілуіне байланысты 42 500 теңге 2 миллион 320,9 мың Қазақстан азаматына төленген, оның ішінде 2 миллион 304,2 мың адам тамызда карантиннің ұзаруына байланысты 21 250 мың теңге алды.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)