Біз Әлішермен кездесіп, негізгі кәсібі — PR, қазақша сөйлейтін нарық, қазақ аудиториясы туралы сөйлестік.

— Бір айдай бұрын онлайн-курс өткізуді бастадыңыз. Лекцияларыңыздың қазақша нұсқасы да бар екен. Не себепті қазақша да жасаймын деп шешім қабылдадыңыз?

— Иә, PR, коммуникация және репутация бойынша өтетін Yelikbayev.online курсын 23 қыркүйекте бастадық. Әу баста қазақша нұсқасы болады деп шешкенбіз, тек субтитр қоямыз деп ойладық. Бірақ кейін қазақша дыбыстау жағын қарастырдық. Ол үшін досым, ұстаздарымның бірі Қалдыбек Жайсаңбайға өтініш айттым, көмегін сұрадым. Келісті. Қалдыбек — мен білетін қазақ дауыстарының үздіктерінің бірі. Қазір ол менің барлық лекциямды қазақшаға аударып, дыбыстап жатыр.

Жалпы, қазақ аудиториясының мені қаншалықты жақсы білетінін тым асыра бағалап жіберген сияқтымын. Себебі 300-дей адам курс сатып алса, соның 10-ы ғана қазақ тіліндегі нұсқасына тапсырыс берді. Курсты жарнамалау үшін Өркен Кенжебектің қолдауын сұраған едім. Ол маған қолданушылардың: «Шіркін-ай, мына курс 20 мың теңге тұрса, алар едім. 60-70 мың теңге қымбат» деп жазып жатқанын көрсетті. Осыдан келіп «қазақ аудиториясы онлайн-білімге осындай көлемде ақша жұмсауға әзір емес екен» деген қорытындыға келдім. Есесіне балгерлерге, болашағыңды айтып беретін көріпкелдерге, басыңды қатырмайтын қарапайым нұсқаулық бере алатын адамдарға ақша төлеуге әзір. Бұл туралы бұған дейін де жазған едім: қазір біздің қоғам тез-тез байып кетуді, жылдам білім алуды қажет ететін деңгейде тұр. Әлдекім келіп, «бай боламын десең, жасыл шұлық ки» десе, ел соған тезірек сенеді және соны сатып алады. Ал менде ол жоқ, нақтырағы — аяқасты дәулетті болып кететініңізге кепілдік бере алмаймын. Қазіргі деңгейге жетуіме 15-20 жыл кетті, сізге де сонша уақыт қажет деп түсіндіремін. Бірақ жұрт ақша тап қазір болса екен дейді, күтуге дайын емес.

Әлішер Елікбаев
Әлішер Елікбаев. Фото: Айгүл Хожантаева

— Қазақша курс бастауыңызға Қуаныш Шонбай істеп жүрген жұмыс әсер етті ме?

— Шынын айту керек, жалпы курс баста деп үгіттеген адам — Қуаныш Шонбай. Отырып ұзақ әңгімелестік, жігерлендірді, курстан қалай ақша түсіп жатқанын көрсетті, халықтың курс сатып алатынын, білім алғысы келетінін, үздіктерден үйренгісі келетінін айтты. Бірақ Қуаныштың аудиториясы қазақша сөйлейді, оны бәрі біледі. Ал мені көбі танымайды.

— Қазақ аудиториясы білімге ақша жұмсауға дайын емес деп айтып қалдыңыз…

— Жоқ, дайын, бұл аудитория білімді қажет етеді. Тек жекелей алғанда нақты менің курсым қымбат болып тұр, аймақтар үшін бұл — үлкен сома.

— Ал жалпы алғанда қазақ жастары, қазақша сөйлейтін аудитория үшін қандай курс, тренингілер пайдалы болар еді? Қай бағытта білім алғаны дұрыс? Өз басым кей салада қазақ мамандарының жетіспейтінін көремін.

— Мұндай тенденцияға қарамау керек. Оған ерсең, қазақша сөйлейтін жастар диджиталға, IT-ға кетуі керек болып көрінеді. Олай емес, бәрі керек. Ең басты ескеретін дүние — тек қазақ тілінде ақпарат тұтынатын аудиторияның қолы жетпей отырған медицина мен физикадан бастап PR-ға дейін алуан түрлі деректің ағылшын, орыс тілдерінде өте көп екен. Сондықтан, ең болмаса, екі тілді меңгеріп алған жөн, бұл мақтаныш үшін емес, осы айтылған мәліметтерді игеру үшін қажет. Орыс тілінде оқи бастасаң, білім көкжиегі бірден кеңейеді. Бір жерді келіспессің, бір тұста келісерсің, бірақ бастысы ақпарат алуандығы артады. Ал ағылшын тілін үйреніп алсаң, тіпті шырқайсың. Мамандық таңдау, білім алатын алаң қарастыру барысында кездесетін басты мәселе осы дер едім — қазақтілді аудитория үшін ақпарат тапшылығы бар.

— PR демекші, сіздің бірнеше жыл бұрынғы сұхбатыңызды оқыдым. Сол жерде қазақ тіліндегі PR-ға бағаңызды бере кетіпсіз. Содан бері осы бағытта қандай да бір өзгеріс көрдіңіз бе? Қазақша PR-ды қазір қалай бағалар едіңіз?

— Фундаментал өзгеріс жоқ. Мынадай бір жаңа әдіс қолданылып жүр: PR-ды қалай жүргізуге болатынын түсінетін, өзі де, аудиториясы да қазақша сөйлейтін кәсіпкерлер тауарын өткізу немесе танымалдығын арттыру мақсатында коммуникацияларды қазақша жүргізеді. Алайда бұл — кез келген тілде, кез келген нарықта қолдануға болатын құрал. Ал жалпы алғанда, PR Қазақстанда таза орыс тіліндегі кәсіп болып отыр. Қазақша салалық оқулықтар саны артты ма? Жоқ. Кітап жазылып жатыр ма? Жоқ. Таза қазақ тілінде жұмыс істейтін мамандар көбейді ме? Жоқ. Меніңше, Игорь Манн, Филип Котлерден бастап PR туралы дұрыс оқулық шығарғанға дейін әлі де болса 10 жылдай кетеді-ау. Бірақ мұнда ескеру қажет бір жайт бар: 10 жылдан кейін бұл кітаптардың ақпараты ескіреді. Себебі PR — өте ұшқыр, жылдам өзгеретін сала. Сондықтан керек еңбекті жылдам аударып отыратын, екі тілде жазатын мамандар керек. Мысалы, Бейбіт Әлібеков Илон Масктың кітабын аударып шықты ғой, PR-да да дәл осылай болуы керек. Тенденциялардың бәрі дер кезінде тәржімаланса, мамандар мұны жұмысында ескеріп отырса дейсің, бірақ қазақ тілінде сәтті жүрген кейс шықпайынша бұлай болмасы анық. Қазір қазақ тіліндегі PR үшін сын сағаты деуге болады.

Жалпы, қазақтар қазақ тіліндегі ән контентін тұтынуды үйреніп алды. Қазір қазақша әндер орыс тіліндегі шығармалардан әлдеқайда артық. Мемлекеттік тілде түсірілген ТВ-бағдарламалардың да сапасы артты. Ал кино әлі орысша болып отыр. Себебі кино үшін ақша шығару керек, ал қазақтілді аудитория фильмнің YouTube-ке қашан шығатынын күтіп отырады. Келесі фильмді түсіру үшін ақша керек екенін, оны авторлардың осы жолғы еңбегі қалай сатылатыны анықтайтынын түсінбейді. Қандай да бір кинотуынды туралы айтсаң, ең жиі жазылатын пікір — «YouTube-ке қашан шығады?» Бұл — проблема. Қазақтілді деген Нұрлан Қоянбаевтар фильмді әзірше орысша түсіріп жүр. Себебі әзірше негізгі тұтынушы, контент үшін ақша төлеу керек екенін түсінетін адам орысша сөйлейді.

— Парадокс, бір жағынан «Қазақтардың саны артып жатыр, қазақ аудиториясы өсіп келеді және олар сан жағынан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да жақсарып жатыр» деген пікір айтылады. Қаланың қазақша сөйлейтін тұрғындары көбейді. Бірақ сол маркетинг, сол жарнама, сол PR-да жобаларды, әлдебір кампанияның концептін түгел орысша әзірлейді, артынша аудара салады. Бұл салалар қазақ аудиториясымен неге жұмыс істемейді? Төлем қабілеті төмен болғандықтан ба? Басқадай себептері бар ма?

— Жоқ, қазақша сөйлейтін аудиторияда төлем қабілеті бар. Мұны ескеру керек. Тек бұл жағдай әзірше бұқаралық, халықтық сипат алып отыр. Әзірше қазақ аудиториясымен бетпе-бет келіп отырған сектор — FMCG-компаниялар (күнделікті сұранысқа ие тауар шығаратын ұйымдар – ред.). Сондықтан Procter & Gamble, Colgate-Palmolive қазір қазақша сөйлей алуы керек. Ал, мәселен, Damiani, Cartier-лер коммуникацияны орысша жүргізе береді. Себебі олардың негізгі тұтынушысы орысша сөйлейді.

Бұл жерде маркетингінің сәл кешігіп келе жатқанын, бірақ сұраныс болса, қажеттілік туса, бірден қуып жетіп алатынын ұғу қажет. Мысалы, Бейбіт Әлібеков, мен сияқты адамдар нарықты көріп отырмыз, қандай өзгеріс болып жатқанын сеземіз және бүтіндей бір стадионды жалғыз Қуаныш Шонбай жинамауы керек екенін түсінеміз. Біз де сондай болсақ дейміз. Сол себепті Бейбіт қазақ тілін үйреніп жүр, мен еш ұялмай, қазақша сұхбат, пікір беріп жүрмін. Сондықтан бір кездері орысша сөйлейтін көрерменнің жаппай азайғанын түсініп, бағытын өзгерткен телеарналар сияқты маркетологтарға да, ірі компанияларға да бұл тенденцияларды сезіну қажет.

— Маркетологтар, жарнамашылар мен PR мамандары халықтан бөлек әлемде өмір сүреді деген пікір бар. «Өздерінің ортасы, жүретін жерлері, араласатын адамдары бар, ал жалпы қоғамның шынайы жағдайы қандай екенін біле бермейді. Бұрынғы таптаурын болған бір сүрлеумен жарнама кампанияларын әзірлей беретінінің бір себебі — осы» дегенмен келісесіз бе?

— Бұл сегментке байланысты. Маркетинг — әрдайым өзгеріп отыратын сала. АҚШ, Еуропа немесе Жапониядағы бас кеңседен келіп түскен әдіс-тәсіл мұнда еш нәтиже бермесе, Қазақстан мамандары жергілікті нарыққа бейімделер еді. Қазір сіз айтқан салаларда қандай да бір коммуникация жүріп жатса, олар орыс тілінде болса және одан компаниялар зиян көріп отырмаса, ешкім өзгере қоймайды. Себебі бәрі ең тиімді, жеңіл жолды іздейді.

Жағдайды қалай өзгертуге болады? Бір әдісі — заңнама. Бұл қолданылып та жүр, мәселен, барлық жарнама қос тілде болуы керек. Тағы бір жолы — тұтынушының талабы. Тауар өтпесе, компания мұның себебі қазақша коммуникацияның дұрыс жолға қойылмағаны екенін түсінсе, бірден шара қабылдайды.

Бір мысал: жоғарыда біз айтқан Қуаныш Шонбай өте маңызды іс атқарды, ол қазақ аудиториясы оқымайды, тренинг, кітап сатып алмайды деген пікірді жоққа шығарды. Нәтижесінде қазір халыққа әлдебір дүниені үйрету нарығында тілге қатысты өзгерістер бар.

Әлішер Елікбаев
Әлішер Елікбаев. Фото: Айгүл Хожантаева

— Қазақша сұхбат беремін деп қалдыңыз, кейде стористерді де қазақша түсіресіз. Қазақ аудиторияcын монетизациялауға болатын сегмент ретінде қарастырасыз ба?

— Әрине. Орысша сөйлеп жүре берсем де болар еді, себебі әлі 15-20 жыл қызметімді толық атқарамын, ал қазіргі орыстілді аудиторияның берері маған солайымен жетер еді. Бірақ маған өсу, жаңа сынақта өзімді байқап көру қызық.

Осы жерде қазір жасы 30-ға толмаған қыз-жігіттерге қазақша сөйлейтін аудиторияны зерттеуге, оның ерекшелігін ескеруге, бейімделуге, қажет деп тапса, өзгертемін деп тырысуға кеңес берер едім. Қазақтілді мамандар арасында да өз Әлішері шығып, менен көп табыс табатынына сенімдімін. Себебі қазір нарық қазақыланып, орысша сөйлейтін аудитория тарылып келеді.

— Қазақтілді аудиторияны зертте деп кеңес бердіңіз. Ал лентадан Әлішерді жиі көретін және сондай жетістікке жетсем ғой дейтін 20 жас шамасындағы адамға қандай 5 кеңес берер едіңіз?

— Бірінші кеңес — асықпау. 20 жаста дүниеден құр қалатындай, уақыт тым тез өтіп жатқандай болып көрінеді. Асығасың. Қаражатың болмаса, тез баюдың жолын тап осы сәтте тапқың келеді. Бұл дұрыс емес. Бір-ақ сәтте дәулетті болып шыға келу үшін саған заң мен ардан аттап өтуге тура келеді. Абыройды сақтап, беделге нұқсан келтірмеуге тырысу керек. 30-дан асқан соң репутацияны түзеу өте қиын.

Екінші кеңес — бәрін уақытында істеу. Дедлайн үлкен маңызға ие. Көп адам осыны түсінбейді. Уәдеңде тұра алсаң, клиенттің саған оралатынын ескеру керек және ол жай қайта келмейді, өзімен бірге таныстарын да ала келеді. «Осындай адам бар» деп бір-біріне кеңес беріп отырады.

Үшінші кеңес — саяхаттау. Міндетті дүние. Әлемде баяғыдан бар дүниені қазақтар жаңалық етіп ашқысы келеді. Бұл мәселені саяхат шешеді. Басқа халықтардың қалай өмір сүретінін, қандай дүниелер қолданатынын, қандай технологиялар бар екенін осылай көресің. Шетелде бар затты Қазақстанға алып келіп, қолданысқа енгізе аласың.

Төртінші кеңес — білімге ақша жұмсаудан қорықпау. Білім — көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін дүние, сондықтан жаңа телефон ала салғың келіп тұрады. Бірақ ұзақмерзімді перспективада сан түрлі телефон көрген емес, білімді адам ұтады.

Бесінші кеңес — шектелмеу. Мүмкіндігің жетіп тұрған межеден асып түсуге ұмтыл. Бұл ақшам Huawei-ге ғана жетеді, бірақ мен несиеге iPhone-ның соңғы моделін аламын деген сөз емес. Мәселен, таңертең жұмысқа барғым келмей тұр. Бірақ қазір оның маған керек екенін түсінемін. Сондықтан тұрып жұмысқа барамын немесе жаттығу залында жүремін. Әбден шаршадым, соған қарамастан әрі қарай шыныға беремін. Әлдебір іс ұнамауы мүмкін, бірақ онымен айналыса берсең, бір айдан кейін жағдайың жеңілдейді, нәтижесінде біліміңмен, денсаулығыңның жақсарғанымен, табысыңның артқанымен мақтана аласың.

— Әлішер туралы талқы басталса, біреулер баяғыда Жаңаөзенге барғаныңызды еске алып, «қанды блогерлер» мәселесін көтеріп, «ол биліктің сөзін сөйлеп, сойылын соғады, әлі Ақордаға барып жүр» дейді, оған қарсы тарап сайлау кезінде Қосановқа жақтасқаныңызды, «Мен ояндым» ролигіндегі қыз-жігіттерге қолдау білдіргеніңізді айтады. Елдегі қоғамдық-саяси жағдай туралы пікіріңіз қалай түзіледі?

— Жаңаөзен туралы бұрмалау көп. Маған көп адам «сол блогерлер сапарын сен бастадың» деп жазады. Тіпті бәрін мен ойлап тапқан сияқты көрінеді. Олай емес. Иә, мен блогшылар тобында болдым. Мәселе қолданушылардың басқаларды мүлдем ұмытып, тек мені есте сақтап қалғанында. Жаңаөзенге барғаныма, ол жақта қойған сұрақтарыма еш ұялмаймын. Сапар кезінде кез келген оппозициялық журналистен «жаман» болдым. Жазған материалдарымды интернеттен табуға болады. Желтоқсандағы оқиғалар болғанға дейін де, болып жатқанда да өз ақшама Жаңаөзенге тілшілерімді жібердім. Өзім де бардым. Бір жыл өткен соң да болдым. Тіпті осы жақында оралдым Жаңаөзеннен, ол жақта мені тас лақтырып, қуып жатқан ешкім жоқ. Жаңаөзен оқиғасы кезінде не істеуім керек еді, соны істедім.

Ақордаға барғаныма келсек. Иә, бір жарым айдай бұрын мені әңгімелесуге шақырды, Digistan жобасы ұнапты, «қандай көмек бере аламыз, Ішкі істер министрін, Астана әкімін шақыруға көмектесейік» деп айтты. Болды. Мынаны айт, партия саясатын жүргіз деген әңгіме болған емес. Олар менің мұндайға жоламайтынымды түсінеді. Ешқандай аралас-құраластығым жоқ, келісімшартқа қол қоймадым.

Әлішер Елікбаев
Әлішер Елікбаев. Фото: Айгүл Хожантаева

Сайлау алдында «Тоқаевты қолдайсың ба?» деген ұсыныс болды. Бас тарттым, тіпті, керісінше, Қосановты жарнамалай бастадым. Oyan, Qazaqstan қозғалысын да шын көңілден қолдадым. Бұл адамдар өз пікірін білдіре алады деп есептедім.

Бұл ретте адекват адаммын. Ойымдағыны айтамын. Кім қалай қабылдаса да, өз пікірімді жеткіземін. Барлық тақырыпта сөйлеп қалсам, барлық мәселені көтерсем, барлық дау-дамайдың маңында жүрсем деген менде жоқ. Мені билікте де, оппозицияда да бірдей жек көреді. Мұны білемін, түсіністікпен қараймын. Тек аудиториямның арқасында дамып келемін. Мейлі «қанды блогер», мейлі басқа десін, ең бастысы, көшеде еркін жүре аламын.

— Соңғы сұрақ. Шри-Ланкаға кетіп қалған Әнуар Нұрпейісов жариялаған ролигінде жалған ақпарат таратудың мысалын көрсетті және ол үшін сізді пайдаланыпты. Мұны алдын ала ойластырдыңыздар ма?

— Жоқ, әрине. Құрбан болғаным сөзсіз. Әлдекім маған Шри-Ланкадан қонақүй қарап жатып, Әнуар түскен сурет тауып алғанын көрсетті. «Қызық екен, Telegram-каналыма жарияласам бола ма?» деп сұрадым. Рұқсат берді. Болды. Фейк таратам деген ойымда да болған жоқ. Бұл жағынан Әнуардікі дұрыс болмады. Артынан кешірім сұрап, хабарлама жазыпты. «Аман болшы» дедім де, қойдым.