Алматы облысында табиғи газ қосуға жеңілдік жасалады

Бұл бойынша «Талдықорған қаласы мен Алматы облысының елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді газдандырудың» қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бағдарламаның негізгі мақсаты — газбен жабдықтау жүйесіне абоненттерді қолжетімді бағамен және бөліп төлеу мүмкіндігін қолдана отырып қосу. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 500 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, облыстың елді мекендерін газдандыру бағдарламасының үйлестірушісі — «Жетісу-ОблГаз» ЖШС. Мәселен, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылы абоненттерін газбен жабдықтау үшін «Жетісу-ОблГаз» ЖШС мен «ХоумГаз» ЖШС жеке ұйымы арасында абоненттерді газға қосу жұмыстарын жүргізуге консорциум жасалған. Консорциумға сәйкес бір абонентті толық қосу құны орташа есеппен 250-300 мың теңге болады. Бұл ретте құрылыс материалдары мен жабдықтарының барлық түрлері абоненттерге 8 ай мерзімге пайызсыз бөліп төлеу арқылы беріледі. Бүгінгі таңда 43 абонентті газ тарату желілеріне қосу жұмыстары басталды, үй иелерімен келісімшарттар жасалып жатыр.

Еске салсақ, Алматы облысында 144 елді мекен газдандырылды, табиғи газға 1,1 миллион адам немесе тұрғындардың 56%-і қол жеткізе алады. Барлығы 20 аудан мен қалалардың 15-і газдандырылған. Облыстың газдандырылмаған қалған 5 ауданы үшін ұзындығы 224 шақырым «Талдықорған-Үшарал», ұзындығы 118 шақырым «Шелек-Кеген» магистралды газ құбырының ТЭН және ЖСҚ-сы әзірленіп жатыр. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 149,1 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 91 елді мекен газдандырылады. 300 мың абонент газға қол жеткізеді.