Геморрой – ең көп таралған аурудың бірі. Ол тік ішектің айналасында түйін түзетін геморроидальды тамырлардың қабынуынан, патологиялық кеңеюінен немесе тарылуынан пайда болады. Геморрой көбіне созылмалы іш қатуы бар және тапжылмай бір орында отырып жұмыс істейтін адамдарда жиі байқалады.

Геморррой ерлер мен әйелдердің 44%-де кездеседі. Науқастардың көбі мұндай диагнозбен дәрігерге көрінуге қысылады. Айлап-жылдап өз бетінше емделу, маманға көрінбей жүре беру аурудың асқынуына әкеледі. Жиі іш қату, семіздік, құрсақ қуысы мен тік ішектегі қан тамырларына қысым түсуі, күйзеліс, инфекция, темекі мен алкоголь, жүктілік пен босанғаннан кейінгі кезең, қалқанша безі аурулары — геморройдың негізгі себептері, — дейді Жанат Танабаев.

Жанат Танабаев
Жанат Танабаев. Фото жеке архивінен

Дәрігердің айтуынша, геморрой сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Сыртқы геморрой сыртқы түйнектердің ішек аузын қысып тұрған тұсындағы көк тамырдың зақымдануынан пайда болады. Ол бірден байқалады. Ал ішкі геморройда тік ішекті қысып тұрған бұлшық еттің ішіндегі көктамыр қабынып, қызғылт түсті түйінге айналады. Кейде ішкі және сыртқы геморрой қатар пайда болуы да мүмкін.

Үлкен дәрет кезінде қан кетсе, ауырсыну, жайсыздық сезілсе, түйін пайда болса, шырыш бөлініп жатса, бірден проктолог маманға бару керек. Ауру асқынса тік ішектен қан кетеді. Бұл — геморройдың ең қауіпті белгісі. Науқас емделмесе, жиі қан кету кесірінен ағзада темір элементі азаяды. Нәтижесінде қаназдық ауруына әкеп соғады. Басқа да созылмалы аурулар өршиді. Бұл кезде адам тез шаршайды, әлсірейді, — дейді ол.

Геморройды емдеудің бір жолы – ащы тамақтан, алькоголь өнімдерінен бас тарту. Дәрігердің айтуынша, аурудың бастапқы екі сатысында жергілікті тәсілмен емдеуге болады. Ауру асқынып, 3 немесе 4-сатысына өтіп кеткен жағдайда операция жасап, геморройды алып тастайды.

Геморройды болдырмау үшін әуелі дұрыс тамақтануды қолға алған жөн. Үлкен дәрет уақтылы болуы керек. Іш жүргізетін дәрі-дәрмекті жиі пайдалана беру қате, ол тік ішекті қабындырады. Сұйықтықты жиі ішу керек. Ауру белгілері байқалса, проктологтың кеңесімен жақпа, крем мен суппозиторий қолдануға болады, — дейді маман.