— Джан, жаңа кітабыңыз құтты болсын! «Оқжетпес» не жайында?
— «Оқжетпес» — тазытұқымды ит туралы кітап. Әңгімені жазуға дәл осы ит шабыттандырды. Оған деген махаббатымды, құрметімді кітап кейіпкерлері — Досжан қария және оның немересі Бақытбек арқылы жеткізуге тырыстым. Осы уақытқа дейін тек ертегі жаздым, ал бұл — әңгіме. Шығарманы балалар ғана емес, жасөспірімдер де оқуына болады. Мұнда бір ауылдың өмірі, тарихы, ауыздан ауызға тараған аңыздары мен риуаяттары және оның тұрғындары бастан кешкен таңғаларлық оқиғалар баяндалады.
Бұған дейін жазған ертегілерімді бір кітаптан, бірақ бірнеше тілде оқуға болатын. Француз, неміс, итальян, испан, ағылшын, поляк, орыс тілдеріне аударылатын. Ал «Оқжетпес» қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді, бірақ әрқайсы бөлек-бөлек басылды. Жақында кітапты араб тіліне аудардық. Ол да аз уақытта шығып қалады.
— Ит туралы, соның ішінде тазы туралы әңгіме жазуға не түрткі болды?
— Жұбайым қалада өскен, орысша сөйлейді, ауыл тіршілігінен бейхабар. Ал мен ұлым Даниалдың ауыл өмірін, саятшылықты білгенін, көргенін қаладым. Атқа отырғыздық. Instagram-нан бүркітшілерді іздеп таптым. Қыста олардың чемпионаты болады екен, оған бардық. Сосын тазы асырадық. Шынында мұнтаздай, жақсы жануар екен. Таза болғандықтан кезінде бұл ит үйдің ішіне кіріп-шығып жүре беретін деседі. Ел қыста үйден шыға алмай қалғанда, тазылар аң аулап, ауылды асыраған көрінеді. Соның арқасында көп адам тірі қалған екен. Осындай әңгімелерді естіп қатты қызықтым. Мұны қазіргі балалар білмейді. Солар танысын, ұмытпасын деп әңгіме жаздым. Шығарманы екі айда бітірдім. Өкінішке қарай, кейін итімді ұрлап кетті. Бірақ естелік ретінде осы кітап қалды.
— Кейінгі кездері жануарларды қорлаған, өлтірген адамдар туралы жиі естіп жүрміз. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Мұндай жауыздықты қалай тыюға болады?
— Ол үшін балаларға жануарлар туралы кітаптарды жиі оқыту керек. Осындай жауыздыққа барғандардың бірі — орта жастағы адам. Психолог ретінде айтайын, ол жануарлар туралы болсын, басқа туралы болсын, кітап оқымаған. Әке-шешесі кішкентай кезінде жануарларды қорлауға болмайтынын түсіндірмеген. Балаға хайуандар туралы айтып отыру керек, бірге қамқорлық жасау қажет. Үйде асырауға болады, бірақ бұл жауапкершілікті қажет етеді.
Кейінгі жылдары біреуді ит тістепті дегенді мүлдем естімедім. Бірақ адам итті қорлапты, өлтіріпті дегенді жиі жолықтырамын. Қазақ «Ит — жеті қазының бірі» деп текке айтпаған. Ит — мақұлық болғанымен, өте ақылды жануар. Мысалы, қалада жүретін иттер жаяу жүргіншілерге арналған жолда жасыл түс жанғанша күтіп тұрады. Ал кейде ақыл-есі бүтін адамның өзі жол ережесін бұзып жатады.
— Қазір карантин, коронавирус пандемиясы ахуалы өршіп тұр. Осындай қиын тұста кітапты қалай сатуды жоспарлап отырсыз?
— Бұл кітапты 2,5 жыл бойы дайындадық. Ол кезде жағдай мұндай болады деп тіпті ойламадық. Бірақ мүлдем уайымдамаймын. Жақсы күндер әлі алда, сатылады, балалар мен жасөспірімдерге жетеді, өз оқырмандарын табады деп ойлаймын. Әзірше қалай өтетінін ойлап, бас қатырып жатқан жоқпын. Әр кітаптың өз тағдыры бар.
— Жақында журналист Бигелді Ғабдуллин Алматыдағы кітап дүкенінен баласына қазақ тілінде жазылған бірде-бір кітап іздеп таппағанын жазды. Оның айтуынша, соғыс жылдары да мұндай болмаған. Шынымен дүкендерде қазақ тілінде жазылған кітаптарды неге сирек көреміз?
— 5 жыл бұрын қазақ тіліндегі кітаптар мүлдем жоқ еді. Қазір бар, шығып жатыр. Бірақ кітап дүкендері қазақша кітаптарды сөрелеріне шығармайды, тығып тастайды. Ресейдің және шетелдің кітаптарын әдемілеп, безендіріп қойып жатады, ал біздің кітаптарды астына жасырып жібереді. Жазушы ретінде кітап дүкендерімен жұмыс істеу маған өте тиімсіз болып тұр. «Книжный город» және «Меломанмен» келісімшартымыз бар еді. Жақында «Книжный город» жабыламыз деп шартты бұзды. Осындай дүкендерде жылына 20-50 кітабым сатылса, қуанамын. Оларға әр кітаптан түскен ақшаның 40%-ін беремін. Мұның несі тиімді?
Дүкендер кітапқа ешқандай жарнама жасамайды. Оны өзім жүргіземін. Әлеуметтік желілерге саламын. Ал блогерлер бір жарнама үшін 300 мың мен 1 000 000 теңге арасында ақша сұрайды. Журналдарға шығу үшін де осындай көлемде ақша төлеу қажет. Бірақ кейін журналдың, блогер салған сторис немесе жазбаның қайда қалғанын білмейсіз. Одан да бұл ақшаға 1 000 кітап басып шығарып, балалар үйі мен мектептерге таратып берген жөн. Олар кітапты өзі оқиды, сосын інісіне, досына береді. Кітап өлмейді. Сол себепті жарнаманың мұндай түрінен де бас тартып отырмын. Былтыр 40 мектепті араладым, презентация жасадым. Әр мектепке сыйлық ретінде 8 кітаптан тараттым. Сол кезде кітапханаларына кіріп көрдім, бос тұр. Кітап жоқ дейді.
Дүкендерден кітабымның не үшін сатылмай жатқанын ылғи сұраймын. Оған бөлек сөре жасау керек, көлемі келмейді, тым үлкен деп жауап береді. Бірақ дәл сондай көлемде шыққан орысша кітаптар жарқырап тұр. Түсінбеймін. Дүкендер үлкен кітаптар керек емес дейді. Ал мұғалімдер мен ата-аналар осындай дүние сұрайды, ішіндегі суреттері де, шрифті де үлкен болса, ашық түс көбірек қолданса деп жатады. Олардың айтуынша, мұндай кітап аз. Біз оқырманның талап-тілегін ескереміз, дүкендер мұны түсінбейді.
— Мемлекеттен қолдау бар ма?
— Қазір жазушыларға мүлдем қолдау болмай тұр. Ал жан-жақты демеу-медет керек-ақ. Кітапты өзің жазасың, өзің басып шығарасың, жарнамасымен де, сатумен де өзің айналысасың. Бәріне ақша қажет, бірақ соңында жазғаның сатылмай қалады. Кітап жазып, оны сатып байып кетемін деу — қате түсінік. Мұндай кәсіптен пайда таба алмайсың. Қазір кітаптарымды өз бағасымен сатып жатырмыз. Соның өзінде ата-аналар, мұғалімдер қымбат дейді.
— Қазақстанда кітап басып шығаруға демеуші табу қиын ба?
— 1 500 дана кітап сатып алып, оны балалар үйіне таратқан адамдар болды. Бірақ олар өз атын жария еткісі келмеді. Қазір осындай азаматтар кітабымды балалар үйіне көп сатып әперіп жатыр. Кітапты басып шығаруға да демеушілер жәрдемдесті. «Оқжетпестің» жарық көруіне де демеушілер себепші болды. Кезінде психолог болып жұмыс істедім. Сол кезде көп адамға көмектестім. Кейін олардан қолдау сұрағанымда бірде-бір адам жоқ демеді. Бәрі қол ұшын созып жатыр. Осыған қуанамын.