Марсқа саяхат
Өткен аптада Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай бірінен кейін бірі Марсқа ғарыш зондтарын ұшырды.
«Әл-Амал» («Үміт») деп аталатын БАӘ аппаратының мақсаты Марс атмосферасы мен климатын зерттеу. Жекелей алғанда, ол 22-44 мың шақырым биіктен Қызыл планета атмосферасының төменгі қабаттарында болып жатқан құбылыстарды жазып, жеткізіп отырады.
Қытайдан көтерілген «Tianwen-1» («Аспанға сұрақ») аппараты Марсқа жеткен соң біраз уақыт планетаны айналып жүреді де, Утопия жазығына қонады. Осыдан соң ғаламшардың бетін зерттеуге кірісіп кетеді.
Екі зонд та Қызыл планетаға шамамен бір уақытта – 2021 жылдың ақпан айында жетеді деп жоспарланған.
Отыз жылда оталған миллиондаған гектар орман
БҰҰ-ға қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жариялаған статистикаға сәйкес, соңғы 30 жылда жер бетінен 178 млн гектар орман жоғалып кетіпті.
Жасыл желектен айрылып, жалаңаштанып бара жатқан аймақтар тізімін Африка бастап тұр: 2010-2020 жылдары бұл материкте жылына 3,9 млн га орман-тоғай оталып отырған.
«Дегенмен 1990-2020 жылдары орман көлемінің азаю қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді. Оған кей елдегі тыйым-шектеулер себепші болды», – делінген зерттеуде.
Орман массивтері құрлықтың үштен бірін (шамамен 4 млрд гектар) алып жатыр. Оның басым бөлігі (54%) Ресей, Бразилия, Канада, Қытай, АҚШ-та орналасқан.
COVID-19 вирусын иммунитеттен жасырып қалатын ақуыз табылды
Nature Communications ғылыми журналының хабарлауынша, АҚШ биологтары COVID-19 коронавирусына көмектесетін ақуызды анықтаған.
Зерттеу авторлары жариялаған ақпаратқа сәйкес, COVID-19 nsp16 ақуызын шығарады екен. Ол өз кезегінде COVID-19 құрылымын өзгертеді, нақтырақ айтқанда вирус геномы тізбегінің соңына кішкентай сегмент қосады. Бұл сегмент болмаса, жасуша сырттан келген жауды жойып жіберер еді. Алайда nsp16 ағзаны алдап, вирусты жасырып қалады екен.
«Ақуыз тірлігінің нәтижесінде, ауру жұқтырған жасуша вирустың РНҚ-сын өзінің бір бөлігі екен деп қабылдап, алданады», – дейді Техас университетінің доценті, авторлардың бірі Йогеш Гупта.
Бұл ақуызды ары қарай зерттеудің арқасында ғылым жасушаға вирусты тануға көмектесетін молекулар енгізу жағын қарастырады деп күтілуде.
Жердегі су мен мұнай қайдан пайда болды?
Жапониядағы Хоккайдо уинверситеті ғалымдары Жер бетіндегі судың және мұнайдың қалай пайда болғаны туралы жаңа гипотеза ұсынды деп хабарлайды New Atlas.
Зерттеушілердің ойынша, органика заттегі – Жердегі су мен мұнайдың қалыптасуына тікелей себепші. Бұл материал ғарыштағы молекуляр бұлттарда кездеседі және Күн жүйесі пайда болған тұмандықтың негізгі элементін құрады.
Идеяны тексеру үшін университет командасы жұлдызаралық молекуляр бұлттардан табылған, көміртек тотығы, аммиак және судан тұратын органика заттегінің моделін жасап, оны Цельсий бойынша 400 градусқа дейін қыздырған және үлкен қысым түсірген. 200°C деңгейінде заттек су мен мұнай болып бөліне бастаған. 350 градуста су көбіктеніп, бөлек жиналып шыққан, ал 400 градуста қап-қара мұнай алынған.
Ғалым Акира Коучи «бұл зерттеу Жердегі мұнайдың пайда болу себептері ғылым ойлағаннан көбірек екенін көрсетеді» дейді.
Ғұндардың астанасы табылды
Моңғолиядағы Орхон өзенінің бойында Ұлан-Батыр мемлекеттік университетінің археологтары әйгілі Ғұн патшалығының астанасы саналатын Луут немесе Лұншың қаласының орнын тапты.
Зерттеуге басшылық еткен Тумур-Очир Идерхангайдың айтуынша, мұндай жазу бар жәдігер бірінші рет табылып отыр.
Ежелгі дереккөздер Ғұндар астанасы Моңғолияның Хангай тауларында орналасқан дейді. Орхон өзенінің бойынан табылған мына қала оны растап тұр. Ғалымдар ары қарайғы зерттеулер бұл нұсқаның шындыққа сай келетінін дәлелдейді дейді.