Umytpa.kz

Қазақстандық жеті медиа – Азаттық радиосы, Factcheck.kz, Vlast.kz, Медиазона, Village.kz және “Тіл кеспек жоқ”, “За нами уже выехали” Youtube арналары бірігіп, елімізде коронавирустан қайтқан адамдар туралы мәлімет беретін Umytpa.kz сайтын ашты.

Бұл коммерциялық жоба емес. Ақпараттың рас-өтірігін редакция міндетті түрде тексереді. Сайтта адамның аты-жөнімен қоса туған күні, мамандығы және өлімінің ресми себебі жазылады.

Сайт авторларының бірі, журналист Әсем Жәпішеваның айтуынша, адамдар ауырып жатқан кезде ақпаратты бұрмалау гуманитарлық және медициналық дағдарысқа себеп болады екен.

Мемлекет “коронавирустан мұнша адам қайтыс болды” деп хабарлағанда, халыққа ол әйтеуір адамдардың тобы сияқты көрінеді. Бірақ ол адамдар да біреудің баласы, біреудің анасы, бір мекеменің мықты маманы еді. Пандемия болмағанда олар арамызда жүрер еді. Сондықтан қазақстандықтар коронавирустан қайтыс болған адамдарды білуі, ұмытпауы керек. Бұрын ашаршылық, жұт кезінде кімдердің өмірден өткенін біз білмейміз. Ал еврей халқы “Холокост” құрбандарын түгелдеп жазып, музей ашып қойған. Егер мемлекет дұрыс ақпарат бере алмаса, дұрысын біз халықтан сұраймыз, – дейді Әсем Жәпішева.

Umytpa.kz
Umytpa.kz сайтының скриншоты

Қазір сайтта 374 адамның коронавирустан қайтыс болғаны туралы расталған мәлімет бар, 500-ге жуық адамның ақпараты тексеріліп жатыр.

Komek2020.kz

Komek2020.kz сайтынан кез келген адам өзіне қажет дәрі-дәрмекті таба алады. Онда Қазақстан бойынша кімде қандай дәрі бар екені, кімнің көмектесе алатыны, байланыс нөмірі мен мекен-жайы көрсетілген. Блогерлер Арман Юсупов пен Карина Өксікпаева ауырып, басқа қазақстандықтар сияқты дәрі таппай, қиналған. Нәтижесінде осындай сайтты әзірлеу туралы шешім қабылдаған.

Онда адамдар қажет дәрі-дәрмек пен аппаратты сұрап, өзінде бар затты басқаға бөлісе алады. Дәл қазір барлық адамды белсенді болуға, бір-бірімізге көмектесе алатын орта қалыптастыруға шақырамыз. Қазір ауырып, дәрі таппай қиналып жатқан адам көп. Сондықтан әркімнің көмегі маңызды, – дейді олар.

Komek2020.kz
Komek2020.kz сайтының скриншоты

Indrug Қазақстан жобасы

Атыраулық фармацевт Асылбек Бисенов өзі сияқты мамандарды жинап, 2014 жылы WhatsApp-тан топ ашады. Мақсаты – бір дәріханада жоқ дәріні басқаларынан сұрап, табуға көмектесу. Кейіннен мұндай топқа Қазақстанның әр өңіріндегі мамандарды қосып, әр қала бойынша топты басқарып отырады. Ал пандемия кезінде дәрі тапшы болуына байланысты топқа адамдар көп жиналып, Indrug тобы WhatsApp-тан Telegram-ға көшеді. Қазір Telegram-дағы “Indrug Қазақстан” тобында 7 мыңнан аса адам бір-біріне дәрі табуға көмектесіп жатыр.

Біз фармацевтер әр қазақстандыққа көмектескіміз келіп, топты Telegram-ға ауыстырдық. Бізге ешкім қаражат бөліп жатқан жоқ. Indrug – елдегі төтенше жағдайға бейжай қарамайтын адамдардың тобы. Кейіннен осы жобаны адамдар ешқандай шектеусіз қолдана алатындай қолданбаға айналдырғым келді. Telegram-дағы топқа 200 мың адам қосыла алады, бірақ мен онымен шектелгім келмеді, – дейді фармацевт.

Indrug
Indrug қолданбасының скриншоты

Әлеуметтік желідегі топтар смартфонға арналған “Indrug аптека” және “Indrug покупатель” қолданбаларының шығуына түрткі болды. Екі қолданба бір-бірімен байланысты. “Сатып алушы” қолданбасынан қарапайым адам бір дәріні іздесе, сұраныс “Аптека” қолданбасына автомат түрде барады да, дәріханалардан керек дәріні табуға мүмкіндік береді. Асылбек Бисенов әрі қарай қолданбаның ауқымын кеңейтуге аздаған қаражат керек екенін айтты.

Дәрігер-реабилитолог Айна Бакееваның Instagram-дағы Densaulik_ парақшасы

Шымкенттік дәрігер Айна Бакеева өзінің Instagram-дағы парақшасында оқырманына кеңес беріп жүреді. Кейін халық арасында антибиотик пен дәрілер орынсыз қолданылып жатқанын көріп, оның дұрыс емес екенін айта бастайды. Осыдан кейін Айна Бакееваға коронавирустан қалай емделу керек екенін сұрап, жүгінетіндер көбейген. Кейін дәрігер президентке үндеу жолдайды. Айнамен Денсаулық сақтау министрі хабарласып, онлайн кеңес беруге рұқсат етті.

Әлі де кей дәрігердің науқасқа дәріні қате беріп жатқанын көріп, алаңдаймын. Басында күніне 2 мыңнан аса адамның сұрағына жауап беріп жүрдім. Бірақ бәріне бірдей жауап беріп үлгермеймін. Жақындарының қайтыс болып жатқанын айтып, біраз адам жазады. Соның бәрін оқып, кеңес беру қай тұрғыдан болсын өте қиын, – дейді дәрігер Айна Бакеева.

Айна Бакееваның парақшасы
Айна Бакееваның парақшасы

Бүгінде Айна Бакееваның Instagram-дағы парақшасына 369 мың адам жазылған. Дәрігердің кеңесіне тек Қазақстан азаматтары емес, басқа мемлекет азаматтары да құлақ асады.

Teaching for heroes онлайн ағылшын курсы

16 жастағы Илья Кан Қазақстанда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің балаларына тегін ағылшын курсын үйрететін жобаны бастады. Teachingforheroеs.com сайты 1 шілдеден жұмыс істеп тұр. Ильяның бұл бастамасын қолдап, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен дәрігерлердің балаларына тегін сабақ беруге ниетті оқытушылар жиналған. Олардың бәрі – ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар.

Өзім екі апта карантинде жатқанда бір медбикенің ұлына ағылшынды қалай оқытатынын білмей жүргенін естідім. Бірден дәрігерлердің балалары тілді онлайн әрі тегін оқи алатын жоба жасауды ойладым. Студент ретінде медицина қызметкерлеріне осылай алғысымды білдіргім келді. Кейін ауруханаларға хабарласып, ондағы қызметкерлерге сайт туралы, ағылшын тілін тегін оқуға мүмкіндік бар екенін айтып жүрдік, – дейді Илья Кан.

Teachingforheroes.com
Teachingforheroes.com сайтының скриншоты

Ағылшын тілін онлайн үйренуге медицина қызметкерлерінің 8 бен 16 жас аралығындағы балалары өтініш беріп, қатыса алады. Оларға түрлі елдерден 500-ге жуық ерікті сабақ береді. Қазір мыңдаған бала Teachingforheroеs сайты арқылы ағылшын тілін тегін үйреніп жатыр.

Бұл –  Chevron компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия қоры қолға алған Qolda жедел көмек беру жобасы аясындағы мақала.