14 жастағы Алтынай 70-тен аса ертегі, 30 әңгіме, 30 өлең жазған. Сонымен қатар балаларға арналған «Фараби шәкірті», «Тіл сақшысы», «Ұлан» газетінің жас тілшісі.

Суретті салған: Алтынай Берік

Ертегілерімнің басты кейіпкерлері – жан-жануарлар. Солар арқылы адам бойындағы жағымды, жағымсыз қасиеттерді көрсетіп, оқырмандарыма ой салсам деймін. Шығармаларымда адамгершілік, достық, еңбекқорлық, батылдық, адалдықты көп насихаттаймын. Әуелі жазғандарымды әжеме, кейін бауырларыма оқып беремін. Ертегілерімді газет-журналдардан көрген достарым оқып, жақсы пікір айтып қуантады. Сонымен бірге жазған әңгіме-өлеңдеріммен де түрлі байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Ертегілерді табиғат аясында жазғанды жақсы көремін. Өзендегі аққан су, құстың үні, баланың күлкісі жақсы шығармалар жазуыма шабыт береді, — дейді Алтынай.

Алтынай Берік
Алтынай Берік пен Әлия Назарбаева. Фото жеке архивінен.

Алтынай биыл жаңа жазған ертегілері мен әңгімелерін топтастырып, үшінші кітабын шығаруды жоспарлап жүр. 14 жастағы жазушының талантын байқап, танымал тұлғалар кездесуге шақырып тұрады.

 

2015 жылы «Балапан» телеарнасы ұйымдастырған ертегілер байқауына қатыстым. Лейлә Сұлтанқызының шақыртуымен арнаның 5 жылдық мерейтойында болдым. 2019 жылы Әлия Назарбаева мен туралы естіп, Алматыға арнайы шақыртты. Әжем екеуміз бірге бардық. Кітабымды сыйға тарттым, — дейді ол.

Алтынайдың арманы көп. Болашақта журналист болғысы келеді.

Отбасында жеті баламыз. Басты арманым – менің және екі бауырымның ауруының емі табылса екен деймін. Елімізде Марфан синдромына шалдыққан санаулы бала есепте тұрады. Бұл аурудың тіпті шетелде де емі жоқ екені жаныма батады. Қазір медицина саласы жылдан жылға дамып келеді. Келешекте бәрі жақсы болатынына сенемін. Мен шығарма жазуды ешқашан тоқтатпаймын. Жас жазушы ретінде әдебиетте өз қолтаңбамды қалдырғым келеді. Қиялымда жүрген оқиғаларды қағазға түсіріп, мақсатыма жеткім келеді, — дейді Алтынай.

Алтынай бізге бірнеше ертегісін ұсынып, жариялауға рұқсат етті.

Қанқыз

Ерте заманда көбелек, сона, маса, инелік, суаршын дос болыпты. Көлдің жағасында ойнап-күліп өмір сүріпті. Құрлықта жүргендей, мұз айдынының үстінде сырғанап суаршын жүр. Көңілді демалып отырған достардың жанына қанаты талып, әбден шаршаған, қарны аш қанқыз келіп қонады. Мұны көрген достар таңғалды.

-Кімсің? Қайдан келдің? — дейді.

-Мен бір шаһардағы ханның жалғыз қызымын. Бір күні әкемнің қол астында жұмыс істейтін, қарапайым шаруаның баласына ғашық болдым. Алайда әкем біліп қойып, «құлдың әрі кедейдің баласына беретін қызым жоқ» деп қарсы болды. Ғашығымды жер аударып жіберді. Неше жылдан бері бір-бірімізді таба алмай жүрміз. Аяқ астынан осындай жәндік кейпіне айналдым, — деп жылап сөзін аяқтады.

Көбелек, сона, маса, инелік қанқызға жылы төсек, ыстық тамақ әзірледі. Сәлден соң қанқыз ұйқыға кетті.

— Суаршын! Сен су бетінде сырғанап көп саяхаттайсың. Мына қанқыздың сыңарын іздеп көр, — дейді достары.

Суаршын сырғанай жөнеледі. Қай жерге келгені белгісіз, дем алып отырып қанқызға қатты жаны ашыды. «Байлық кімді,қайда апарады? Алтын, дүние қызынан артық па?»-деп іштей налыды. Құлағына ызыңдаған бір дыбыс естілді. Жан-жағын, шөптің арасын қарай бастады. Бір кезде биік тау жотасының беткейінде шыршаның үстіне қонған қоңызды көріп, қуанып кетті.

-Ау, қоңыз! Мен сені іздеп таптым-ау! Сенің жоғалтқан сыңарың біздің жанымызда!

Қоңыз бұған қарап үн қатпады.

-Айтып тұрғаны рас па? -деп ұзақ ойланып, жанына келеді.

Суаршын қоңызды ертіп, достарына әкеледі. Бірін-бірі таныған қанқыз бен қоңыз үстіндегі жүрек сияқты қанаттарын қағып-қағып, ұшып келіп көріседі. Ал екеуінің үстіндегі теңбіл қара дөңгелектер тамшылаған көз жастары екен. Адал достығы мен мөлдір махаббаты екі ғашықты табыстырды. Көбелек, маса, сона, инелік, суаршын көк аспанда қалықтап ұшып ән салды. Ханның жалғыз қызы мәңгі орманда, жәндік кейіпінде қалып, бақытты өмір сүріпті.

Тасбақа

Ерте заманда бір тасбақа болыпты. Ол арқасындағы ауыр жүгін арқалап, өмірі бейнетпен өтіп келеді екен. Бірде алыс сапардан әбден шаршап, шөлдеп келе жатқан бір жолаушыға кез болыпты.

-Ей, жолаушы! Қайдан келесің? — дейді.

Жолаушы жауап беруге шамасы келмей, ағаш түбінде отырып ұйықтап кетеді. Оянса алдында бір үзім нан мен бір кесе су тұрғанын көреді. Жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді.

— Менің жағдайымды жасаған кім екен? — деп таңғалды.

Сол кезде тасбақа:

-Шөлің қанып, қарныңа ас барды ма? — деп сұрайды.

-Тасбақа, рахмет! Бұл жақсылығыңды қалай қайтарсам екен? — дейді жолаушы. Сонда тасбақа:

-Мына жерде бұлақ бар. Сол бұлақтың көзі бітеліп, түбі тартылып, жағдайымызды қиындатып жіберді. Құмның арасында жұмыртқадағы балаларымның өніп шығатын кезі жақындады. Не істерімді білмей отырмын,- деп тасбақа көлеңкеге тығылды.

Жолаушы күні-түні бұлақты қазып, көзін ашады. Тасбақа алғысын білдіріп:

-Ей жолаушы, екеуміздің бұл өмірдегі көрер бейнетіміз бен қуанышымыз бірдей. Мен өмір бойы арқамдағы ауыр тасты арқалап келемін. Ол менің қысы-жазы баспанам, балаларыма жағдай жасаймын. Сен де ұрпағың үшін үй салып, тапқаныңды арқалап, өсіп-өніп келесің. Тағдырымыз қандай ұқсас,-дейді.

Бұлақтың суына шомылып, олар рахаттанды. Алғыс алған жолаушы тасбақаға көмектескеніне қатты қуанды.

Аңдарды үркіткен тышқан

Жолбарыс тасада тығылып жемтігін күтіп жатты. Жылдам жүгіріп келе жатқан сілеусінді көрді.

-Неден қалдың, қайда барасың? — деді. Сілеусін сәл демалып жан-жағына қарап:

-Мені арыстан қуып келеді. Сен де жем боларсың, қаш! — деді. Мұны естіген жолбарыс та сілеусінмен қабаттаса қашып келе жатып, түйеқұсқа кезікті.

-Сендер неге атша шауып келесіңдер? — деді түйеқұс.

— Арыстан аш екен, аңның бәрін қуып келеді, — деді олар. Бұларға сеніп түйеқұс қарасын көрсетпей кетті. Алдынан басы қазандай ақырып арыстан шыға келді.

-Кімнен қашып келесіңдер? — деді. Қорыққаннан ешқайсысы үндемеді.

-Ареке, бұлар сізден қашып келеді, — деп түлкі мазақ етті.

-Мен сендерді қуып келе жатқаным жоқ, өзім пілден қашып жүрмін, — деп арыстан арсылдап бір күліп алды.

Аңдар түсінбей аң-таң. Ақ шаңды бұрқыратып піл келіп жетті. Тұмсығын лақтырып, жерді тепкіледі. Талды тамырымен жұлды. Пілге жақындауға қорқып, бәрі жиналып керікті жіберді. Бойын керіп, өткір көзімен қарап, жалынын тарап, мойнын бұрып:

-Сіз ауырып тұрсыз ба? -деді

Піл:

-Мен су ішіп тұрып бір тышқанды көрдім. Ол менің үстіме өрмелеп, құлағыма кірді.

Піл тағы шу шығарды. Сол кезде кішкентай тышқан пілдің құлағынан атып шықты. Күні бойы бір-бірінен қашып шаршаған жолбарыс, сілеусін, түйеқұс, арыстан ашуы кеп, тышқанды қуа жөнелді. Ал тышқан болса сол жердегі бір інге кіріп кетті.