Білім беруде тазалыққа жауап беретін қызметкердің де үлесі бар

Мұғалімге үнемі көңіл бөлген дұрыс. “Көңіл” дегенде, материалдық құндылықтарды ойламау керек. Ақша әрқашан мотивация бола бермейді. Көңіл – әр мұғаліммен жеке байланыс орнату, үнемі жұмыстарына анализ жасап отыру, қателіктерін көрсетіп, сол бос орынға күш салу. Сондықтан директор – тек директор болып қалмауы керек, ол менеджер болуы тиіс.

Мысалы, біздің орталыққа қарайтын аймақтардағы 17 директор, 600-ден астам мұғалім, техникалық қызметкерлер бар. Бәріне анализ жасап отырамыз, себебі өнімділіктің кілті – көңілде. Тіпті білім беруде тазалыққа жауап беретін қызметкердің үлесі бар. Себебі ғимараттың таза болуы оқушылардың сапалы білім алуына әсер етеді. Сондықтан білім беруде кіре берістегі күзетшіден, төрдегі директорға дейін өте маңызды рөл атқарады.

6-сыныпқа келгенде, көп оқушының сабақ үлгерімі төмендей бастайды. Неге?

Қазір жақсы мектепке, жақсы балабақшаға беру деген түсінік бар. Бұрын ата-аналар үйге жақын мектеп, балабақша іздейтін. Бірақ қазір баласын үйінен 18 км жердегі балабақшаға беретін ата-аналар бар. Бұл – жақсы үрдіс. Бастысы, білімге деген түсінік қалыптасып келе жатыр. Қарасаңыз, кез келген бала 5-сыныпқа дейін жақсы оқиды. Ақпаратты қызығушылықпен қабылдайды және ата-анасы көмектеседі. 6-сыныпқа келгенде сабақ үлгерімі төмендей бастайды. Неге? Әсер ететін екі фактор бар:

  • Ата-анамен орта үзіледі. Себебі салалық пәндер қосылады, ата-ана бұрынғыдай көмектесе алмайды.
  • Мұғалімдер ауысады. Жаңа ортаға бейімделу басталады.

Сосын ата-ана өзін кінәлі сезініп, қайта мектеп іздейді. Байқасаңыз, 6-сыныпқа келгенде, барлығы балаларын БИЛ (КТЛ), НИШ, РФМШ, Дарынға бергісі келеді. Кейін ҰБТ жақындағанда қайта қозғалады. Зерттеп қарасақ, ата-ана мектеп жылында үш мезгілде ғана баласының біліміне назар аударады екен. Ата-ана ешқашан өзін кінәлі сезінбеуі керек, тек тұрақты түрде білімін қадағалаған дұрыс.

ustudy, Әлібек Есенов, ұбт
© Daulet Kazhkenov

Зерттеу арқылы жетістікке жетуге болады

Орталықта 2017 жылы 1 млн 200 мың тест тапсырылған, 2018 жылы 2 млн тест жасалады деп жоспарлап отырмыз. Сынақ тапсырғандар тек оқушылар емес, мұғалімдер мен студенттер де бар. Орталықтың ерекшелігі – қандай қате кетті, түсініктемесімен шығарып береді. Ол оқушылардың үлгерімін сараптауға жақсы.

Өткенде 7-сынып оқушылары сынақ тапсырды. Бір пәннен қыркүйек, желтоқсан айларындағы тақырыптардан аз балл алыпты. Зерттесек, сол аралықта пән мұғалімі ауысыпты. Көрдіңіз бе? Нәтиже үшін тек балаға ұрсудың қажеті жоқ. Жиналған ақпаратқа қайта сараптама жасай отырып, жіберген қателіктерімізді көре аламыз. Кейде өзімізді дәрігер сияқты сезінеміз. Зерттеу жасаймыз, ауруын табамыз, сол жерді емдеуге күш саламыз.

Білімді тек ҰБТ-ның алдында ғана еске аламыз

Болашақтың басты ресурсы мұнай емес, білім. Сол үшін де білімді трендке айналдыруымыз керек. Білімді қандай жағдаймен болса да маңыздылығын түсіндірген дұрыс. Қазір еліміздің барлық облыстарында “ҰБТ-ға қалай дайындалу керек?”, “Қандай мамандық таңдаған дұрыс?” тақырыптарында тренинг-семинарлар өткізіп жүрмін. Себебі білімді тек ҰБТ-ның алдында ғана еске аламыз.

Кейде тренингті мектеп басшылары мен мұғалімдеріне өткізсең, оларға әсері болады. Бірақ оқушыларға әсер етпеуі мүмкін немесе ақпарат дұрыс жетпей қалады. Осыны ескеріп, жақында Тараз қаласында үш жақты позицияда семинар-тренинг өткіздік. Ешқашан кінәні тек ата-анадан немесе мектептен іздеуге болмайды, білім – үнемі үш жақтың бір-бірімен тығыз байланысында болатын процесс.

ustudy, Әлібек Есенов, ұбт
© Daulet Kazhkenov

Білім беруде, насихаттауда пайдалы форматтың барлығын қолданған дұрыс. Жастардың қызығушылығын арттыру үшін тренингтерімде сахнаға жетістікке жеткен тұлғалармен, жұлдыздармен бірге шығып жүрмін. Мысалы, Тараздағы тренингке қонақ ретінде Қайрат Нұртасты шақырдық. Шараға Тараздағы 58 мектептің басшылығы мен мұғалімдері, ата-аналар мен 10-11-сынып оқушылары, білім басқармасының қызметкерлері келді. Біз оқушыларға ақпарат бере отырып, білімнің маңызын түсіндіруге тырыстық.

Болашағы бар 5 мамандық

Мамандық таңдауда көп қателік ақпараттың жетіспеушілігінен болады. Осы салаға келерден бұрын, “мамандық таңдау” жайлы көп зерттедім. Өкінішке орай, сапалы ақпарат таба алмадым, әр жерде шашыраңқы ақпарат бар. Бірақ түсініксіз немесе толық емес. Ал ол ақпаратты сараптайтын оқушыда немесе ата-анада мүлдем түсінік аз. Сондықтан әр мамандықты бөлек-бөлек түсіндіруге шешім қабылдадым. Қазір қысқа-нұсқа видео-сабақтар дайындап жатырмыз. Мақсат – ақпаратты жеңіл түсіндіру.

Мамандық таңдағанда оқушылар мен ата-аналардың психологиясын былай жіктегім келеді:

  • Таныс мамандықтар: жалпы медицина, заңгер, ақпараттық технология (IT), экономика, мұнай, т.б;
  • Атағы мен танымалдығы үшін: қаржы, мемлекеттік жергілікті басқару, журналистика, т.б;
  • Грантқа түссе болды: мұғалім, филология, физика, т.б.

Осы аталған 7-8 мамандықты ғана жатқа біледі. Қазір екінің бірі мұғалім мамандығын таңдайды немесе оқуға түсе алмай, қандай да бір мамандық алу үшін оқиды. Бұл кейін білім берудің сапасын түсіреді.

Мамандық таңдау барысында екі қате түсінік бар:

  1. “Жұрттың бәрі тапсырып, грант алып жатыр.” “Бір мәнісі болар, грант болса болды.”
  2. “Өзім мұнайшы бола алмай қалдым, балам мұнайшы болсын.” “Бір үйге бір дәрігер керек.”

Егер “әкем осы аурумен ауырады. Сол үшін сапалы дәрігер болып, әкемді емдегім келеді” деген мотивация болса келісемін. Бірақ “грантқа түссем болды” деп айту – қате пікір. Сонымен қатар, мамандық таңдауды оқушының өзіне қалдырып, ата-ананың араласпағаны дұрыс.

Мен ұсынатын, сұранысқа ие, болашағы бар 5 мамандық:

  1. Математика мұғалімі;
  2. Геология;
  3. Ғарыштық техника және технология;
  4. Компьютерлік модельдеу (анимация, 3D);
  5. ІT (ақпараттық технология, компьютер);
ustudy, Әлібек Есенов, ұбт
© Daulet Kazhkenov

Грантты қалай алу керек?

Осы жылы ҰБТ-да қатты өзгерістер болмайды. Тек гранттар санын бөлуде, жеңілдіктер мен халықаралық жеңімпаздарды ҰБТ-дан босату мәселесінде ғана аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ қандай өзгеріс болса да, бізге әсер етпеуі керек.

Ақпараттың аздығы деп айтып жатырмыз ғой. Мысалы, екі шет тілі деген мамандық бар. Ағылшын тіліне 2017 жылы 336 грант, 2016 жылы 333 грант бөлінді. Сонымен қатар бізде өзбек тілі, ұйғыр тілі деген мамандықтар бар. Оларға үш-ақ грант бөлінеді. Бірақ көбі грант саны көп болғандықтан ағылшын тіліне тапсырады да, грант саны жетпей қалады, ал ұйғыр, өзбек тіліне үш грант бөлінгенін білмейді. Тіпті кейде сол гранттар бос қалады.

Тағы бір мысал: Физика мамандығына 2232 грант бөлінді дейік. Барлығы грант саны көп деп физика таңдайды. Бірақ физиканың ішінде әр түрлі 52 мамандық бар. Бірақ оқушылар мен ата-аналар тек 6-7 мамандықты ғана біледі. Сондықтан физика таңдағандардың көбісі жоғары балмен грантқа түсе алмай қалады. Ал кейбіреу аз балмен түсіп кетеді немесе гранттар орны бос қалады.

Мысалы, Қазақстан бойынша 86 991 оқушы сынақтан өтті, 31 702 грант бөлінді дейік. Есептеп қарасаңыз, бір грантқа 2-3 адамнан таласады. Оңай грантқа түсуге болады. Бірақ ең маңыздысы грант па? Грантқа түстің, дұрыс университет таңдау керек. Дұрыс университетке түстің, дұрыс мамандық таңдау керек. Дұрыс мамандық таңдадың, ал енді “сол мамандық 5 жылдан кейін керек пе, керек емес пе?” Осыны білу керек.

Мемлекеттіктен басқа қандай гранттар бар?

Қазір еліміздің солтүстік аймақтарына көптеген тренингтер өтіп жүрміз. Себебі,өзіңізде білесіз оқушылар оқу тегін немесе арзан болғасын Ресейге кетеді. Сосын көбі тек мемлекеттік гранттар ғана бар деп ойлайды, бірақ одан да басқа гранттар түрі бар. Мысалы:

  • “Серпін” бағдарламасы – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды Көкшетау, Орал, Павлодар университеттерінде оқыту.
  • Университеттердің ішкі гранттары – оқу ақысы тегін, бірақ шәкіртақы берілмейді.
  • Облыстық әкім гранттары – көп балалы отбасыдан шыққан, жетім, жағдайы нашар отбасылардан шыққан оушыларға арналған.
  • Компания гранттары – белгілі компаниялар олимпиада жеңімпаздары, бірақ грант ала алмай қалған оқушылардың оқу ақысы мен шәкіртақыны өз мойындарына алады.

Сонымен қатар, шетелде де көп мүмкіндіктер бар. Германияда неміс тілін білсеңіз, барлық оқу ақысы мен жатақхана тегін. Бізде біраз оқушылар ҰБТ-дан аз алып қалды. Бірақ неміс тілін үйреніп, қазір Германияда оқып жатыр. Бір есік жабылса, екінші есік ашылды.

Мысалы, Австрияда орташа оқу ақысы – 286 мың теңге. Яғни, Австрияда білім алсаңыз, бір жылда 1 млн теңге жеткілікті. Неге біздің жастар тек Ресеймен шектелуі керек?! Менің ойымша, білім мен ғылымда шекара жоқ.

Авторы: Баубек Сағындық

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!
12 пікір
  1. Өте пайдалы, сапалы ақпарат. Тамаша, Есенов Әлібек Қамбарұлы 👍👍👍👍

  2. Таразда Кайрат Нуртасты кездесуге шакырыпты; Кайраттын билимге кандай катысы бар? Укпадым?

    • Кайратты білімге емес концерт жузінде шақырган мысалы Əлібек агаймыз тренинг откізсе адамдар шаршай бастаганда Кайрат Нуртас олен айтад ссн кайтп трениг жалгастрад солайго

  3. Сапалы ақпараттар!

  4. Kazirgi kezde ote kerek akparattar!!!! Keremet👏🏻👏🏻👏🏻👏🏻

  5. Kazirgi kezde ote kerek akparattar!!! Keremet!👏🏻👏🏻👏🏻

  6. Сонда екі шет тілін таңдаған дұрыс па?

  7. Өте пайдалы ақпарат екен👍 рахмет сізге.

  8. Ақпараттар үшін рахмет!

  9. Оте керемет акпарат

  10. Өте пайдалы кенес.Рахмет

Пікір қосу