Жаңақорған ауданы прокуратурасының бастамасымен қадағалау аумағында дәрі-дәрмектерді негізсіз қымбаттатып сатқандарды анықтау және жауапқа тарту мақсатында аудандық полиция бөлімі, жергілікті атқарушы орган және Nur Otan партиясы өкілдерінің қатысуымен мониторинг тобы құрылды.
Мониторинг жүргізу кезінде Жаңақорған кентіндегі екі дәріхананың дәрілік заттарды қымбат бағамен сатып жатқаны анықталды. Жаңақорған кенті орталығында орналасқан дәріханада «Супростин» дәрілік препаратының шекті бағасы 1731,25 теңге бола тұра аталған дәрі 2000 теңгеден, яғни 268,75 теңгеге қымбат бағамен сатылған.
Дәл осы сияқты екінші дәріханада «Азитро» дәрілік препаратының шекті бағасы 4041,37 теңге бола тұра аталған дәрі 4200 теңгеден, яғни 158,63 теңгеге қымбат бағамен сатылған.
Бұл деректер аудандық полиция бөлімінің ақпараттарды есепке алу кітабына тіркеліп, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін құзырлы органға жолданды.