Стоматолог Айна Тұғымбаеваның айтуынша, пациенттер кариес пен ауыздан шығатын жағымсыз иіс туралы жиі шағымданады.

Тісті дұрыс тазаламау — ауыздан жағымсыз иістің шығуының бірінші себебі. Адамдар көбіне алдыңғы тістердің бетін ғана тазалайды да, тілге жақын аймақты, азу тістің қуыстарын дұрыс тазаламайды. Тісте тұрып қалған тамақ қалдықтарынан түрлі зиян бактерия пайда болады. Олар кейін көбейіп, ауыздың шырышты қабығына, қызыл иек пен тістің қабынуына себеп болады. Мұның салдарынан кариес, гингивит, пародонтит, пародонтоз, стоматит сияқты түрлі тіс ауруы пайда болады. Әсіресе, кариеспен емделмей ұзақ жүре беретіндер бар. Ол ауыздан жағымсыз иіс шығарғанымен қоймай, түрлі аурудың асқынуына себеп болады. Кариестің қуысына жиналған микробтар жүре келе бадамша безінің қабынуына, тіпті жүрек ауруына әкеп соғады, — дейді Айна Тұғымбаева.

Айна Тұғымбаева. Фото жеке архивінен

Ауыздан жағымсыз иістің шығуын болдырмау үшін гигиена талаптарын сақтап, тісті мұқият тазалауды әдетке айналдырған дұрыс. Шалфей, емен қабығы, түймедақ шөптерінің қайнатпасымен ауыз қуысын жиі шаю керек.

Ауыздан жағымсыз иіс шығуының тағы бір себебі — ішкі ағза аурулары. Тыныс жолдары, тонзиллит, ринит сияқты созылмалы ауруларда, асқазан-ішек жолдары, оның ішінде гастрит, асқазан жарасы, кейде бүйрек жұмысы нашарлауынан да жағымсыз иіс шығады. Бұл кезде үй жағдайында емдеу көмектеспейді. Дереу дәрігерге жазылып, қан талдауын жасатып, емделген жөн, — дейді ол.

Тіс дәрігері қазір жастар арасында пародонтит ауруы жиі кездесетінін айтады. Бұл ауру кезінде қызылиек қабынып, жиі қанай бастайды, жағымсыз иіс шығады. Айна Тұғымбаеваның айтуынша, пародонтит тұқым қуалауы мүмкін. Әсіресе, 15-16 жастағы жасөспірімдерде гингивит болып басталады. Ауыз қуысын шаюға арналған сұйықтықтарды пайдалануға болады. Бірақ олар тек ауырғанын уақытша басады. Біраз уақыттан соң жағымсыз иіс қайта шығып тұрады. Оны емдеу үшін дәрігер кеңесін міндетті түрде алу қажет.

Дәрігер пародонтиттің қай сатысы екенін анықтап, ем жүргізеді. Әуелі иіс шыққан, іріңдеген тістердің жан-жағын қырып тазалайды. Кейін арнайы дәрілер тағайындап, физиотерапия әдісімен емдейді. Емдеу курсының неше күнге созылатынын дәрігер шешеді. Пациент емдеуді ерте қолға алмаса, қызылиектің қабынуы асқынады. Одан тіс босайды, өздігінен түсе бастайды. Ал оны жұлудан басқа амал қалмайды, — дейді маман.

Ауызда жағымсыз иіс кейде тіс жұлғаннан кейін пайда болады. Оның айтуынша, тісті жұлған кезде орнына қан жиналуы керек. Қан ұйып бітелгенде, тістің орны тез жазылады. Ол 5-6 айдың ішінде біртіндеп сүйекке айналады.

Егер пациент тіс жұлған соң аузын шайқап тастаса, тістің түбіндегі ұйыған қан түсіп қалады. Ол кезде жұлынған тістің орны ашық қалады да, тамақ қалдықтары жиналады. Бактерия пайда болады, қызылиек қабынады. Орны ауырып, жағымсыз иіс қатты сезіледі. Сондықтан тіс жұлғызғаннан кейін дәрігер айтқан ережелерді мұқият орындап, дұрыс күтім жасау керек, — дейді ол.

Айна Тұғымбаева ауыздан жағымсыз иіс шықпау үшін дұрыс тамақтануға, ауыз қуысының гигиенасын сақтауға, тіс дәрігеріне жылына 1 рет қаралып тұруға кеңес береді.