Бұл — Украинаның «Добрые люди» өнер бірлестігі суретшілерінің Алматыға сыйлаған туындысы. Мұнда киізүй ішіндегі ошақ бейнеленген. Мурал Рысқұлов пен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында орналасқан.
Украина суретшісі Андрей Пальвальдың жұмысы. Мурал Розыбакиев көшесінде орналасқан.
«Алтын шаршы» муралы. 2015 жылы Алматыда өткен Artbat Fest бейнелеу өнері фестивалі кезінде алматылық суретші Дарион Шабаш Мамыр-3 ықшамауданында орналасқан №1 үйді бояп, жаңа рең берді.
«Алтын шаршы» муралына жақын маңда DOXA суретшілер тобының ғарышкерді бейнелеген қабырға жұмысы бар. Суретшілер «Тәуелсіздік» аталатын бұл жұмысын Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке арнаған.
Шаляпин көшесіндегі үйлердің біріне бейнеленген қазақ қызы.
Шаляпин және Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан «Лето от Lay’s» граффитиі.
Мамыр ықшамауданынан бірнеше стрит-артты кездестіруге болады. Соның бірі — суретші Али Закирдің Арал проблемасына арнаған жұмысы. Мурал Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан.
әл-Фараби даңғылындағы «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» атанған ғұлама құрметіне салынған мурал.
Төлебаев және Құрманғазы көшелері қиылысында орналасқан мурал. Мұнда «Таңбалы тас» тарихи ескерткішінде бейнеленген таңбаларды қағазға түсіріп отырған қызды көруге болады.
«Алмалар әкесі» — Алматыда бұрыннан бар муралдардың бірі. 2013 жылы Artbat Fest фестивалі кезінде салынған. Поп-арт стиліндегі бұл жұмыс Назарбаев даңғылы мен Құрманғазы көшесі қиылысындағы №160 үйдің қабырғасында бейнеленген.
«Жұлдызды түн» граффитиі. Құрманғазы мен Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан.
Мұқанов және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан «Балалар әлемді бейнелейді» муралы.
Q мен Z муралы. Ағылшын суретшісі Fanakapan бұл жұмысын MURAL FEST фестивалі аясында ұсынған. Автор Қазақстанның латын әліпбиіне көшу туралы жоспарын ескеріп, Q және Z латын әріптерін шар кейпінде бейнелеген. Орналасқан жері — Пушкин көшесі. Fanakapan-ның жұмыстары бұған дейін Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте, Парижде, Берлинде, Лондонда жарық көрген.
Павлодарлық жас суретші Жұмаділ Елукенев бұл туындыны анасы мен оның әріптестері — дәрігерлерге арнаған. Суретте COVID-19 пандемиясымен күресіп жатқан дәрігер бейнеленген. Мурал Құрманғазы мен Шарипов көшелерінің қиылысындағы аурухана қабырғасына салынған.
Төле би көшесі бойындағы велосипедші бейнеленген мурал.
Төле би көшесіндегі мурал, футуризм стилінде киінген қыз, голограмма мен сандар тізбегі — болашақта көп нәрсенің цифрланатынын аңғартады.
Коронавирус инфекциясы тақырыбындағы туынды Төле би және Чокин көшелерінің қиылысындағы үй қабырғасына салынған.
Қожамқұлов көшесіндегі бұл туынды «Муралы Алматы» фестивалі аясында пайда болды. Мұнда қазақтың ұлттық киімін киген қыз бен Алматының символы саналатын қар барысы бейнеленген. Авторы — танымал Ресей райтері Zmogk пен Украинаның «Добрые люди» тобының суретшілері.
Қабанбай батыр көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысы. Қазақстан әншісі Димаш Құдайбергенге арналған мурал.
«Күту». MURAL FEST фестивалі кезінде салынған, Қазақстанның белгілі суретшілері Сәуле Сүлейменова мен Қуаныш Базарғалиевтың бұл жұмысы Сейфуллин даңғылында орналасқан.
MURAL FEST фестивалі кезінде салынған тағы бір қабырға суреті. Суретші Мухит Дулу бұл жұмысында ұлттық баскиім — сәукеле киген қазақ қызын бейнелеген. Мурал Жібек жолы көшесінде орналасқан.
Суретшілер Неон мен Шаманның қала күніне орай Алматы тұрғындарына жасаған сыйы. Мұнда қар барысы бейнеленген.
Әнші, композитор Батырхан Шүкеновке арналған граффити. Панфилов көшесіндегі үйлердің біріне бейнеленген.
Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы «Гоголь» стрит-арты. Автор Andrew «Менің қабағымды көтеріңдер» (Raise my eyelids) деген үзіндіні ұлы жазушы Николай Гогольдің «Вий» шығармасынан алған.
Арбаттағы «Талтүс» («Полдень») муралы. Қазақстан суретшісі Кәміл Шаяхметовтың «Талтүс» (1959 жыл) суретінің желісімен салған. Автор — Қырғызстандағы DOXA суретшілер тобы.