Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай Мәскеуде, Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бастамасымен Мемлекет басшылары және Үкімет жетекшілері деңгейінде өткен салтанатты шараға Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Молдова Президенті Игорь Додон, Сербия Президенті Александр Вучич, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, сербтерден Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Милорад Додик, сонымен бірге бірқатар халықаралық ұйым басшылары қатысты.
Салтанатты шеруде 13 мыңнан астам әскери қызметші, 216 әскери техника және әртүрлі 75 әскери ұшу аппараты сап түзеді.
Қызыл алаңнан 53 жаяу әскер колоннасы, ТМД елдері және басқа да шет мемлекеттердің қарулы күштерінен құралған 13 топ салтанатты түрде сап құрап өтті.
Шараға Қазақстан Республикасының атынан десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінің 55 сарбазы қатысты.