Мұхтар Әблязов пен оның оққағары Александр Павлов әлі күнге дейін Интерпол арқылы іздеу салынған қазақстандықтар тізімін толықтырып тұр, — деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Экс-банкир екі жыл бұрын Францияда тұтқындалып, тіпті оны Ресейге экстрадициялау шешіліп қойған болатын. Ал Павлов 2013 жылы Испанияда ұсталған. Сондай-ақ, тізімде биыл жазда Литвада кісенделген Әблязовтың қайын ағасы Сырым Шалабаев та жүр. Жалпы Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының ресми сайтында 63 отандасымызға іздеу салынады. Оның үшеуі Храпуновтар. Әйелі, өзі және ұлы.
«Ал атышулы Рысқалиевтер Интерпол тізімінде мүлдем жоқ. Алайда, кезінде Қаржы полициясы мен Бас прокуратура ағайынды Рысқаливтерге халықаралық іздеу жарияланғанын ресми мәлімдеген. Қашқындағы қылмыскерлер жайлы ақпаратты тек ресми сайт арқылы алуға мүмкіндік бар. Біздің елде ұйымның өкілдігі жоқ. Бір қызығы, онымен аттас дүкен бар болып шықты. Сатушылардың айтуынша, еден сататын дүкенді халықаралық қылмыстық полициямен шатыстыратындар көп көрінеді. Тіпті Ішкі істер министрлігінен маңызды сұрақтар бойынша қоңырау шалғандар болыпты», — деп хабарлады телеарна.