Экобелсенділер Іле Алатауы паркі аумағын жалға бермеуді талап етті

«Жасыл құтқару» экологиялық қоғамдастығының төрағасы Сергей Куратов Алматы маңындағы ұлттық паркке қатысты талабын айтты.

Кейінгі жылдары Алматы облысында су ресурстары тапшы болып бара жатыр. Оның себебі ұлттық парктер аумағының тұрақты бүлінуі, жағалай құрылыс салынуы шығар? Сондықтан біз қысқа мерзім ішінде ұлттық паркте кез келген құрылысқа мораторий жариялауды, қоқыс орындарын жоюды, парктің қараусыз қалған жерлерін қайтаруды, әбден бүлінген шатқалдар қалпына келуі үшін онда адам кіргізуге уақытша тыйым салуды, табиғат аясында қоқыс тастайтындарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды күшейтуді және ұлттық парктер тұжырымдамасын өзгертуді талап етеміз, — деді Сергей Куратов Қазақстан баспасөз клубында өткен дөңгелек үстелде.

«Көкжайлауды сақтаймыз» тобының экобелсендісі Елена Ерзакович Іле Алатауы паркін жалға алған жеке компания құжаты түпнұсқа емес екенін айтты.

Осындай тендер өткенін білген соң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне тендерді қандай құжат негізінде өткізгенін түсіндіріп беруді сұрадым. Комитет заң бойынша мұндай құжатты талқылауға міндетті емес екенін айтты. Біз бұл құжатты ұзақ іздеп, ақыры таптық. Құжатты биыл қыста 3 апта ішінде әзірлепті. 40 беттен тұратын құжатқа 6 миллионнан астам ақша төленгенін білгенде қатты таңғалдым. Таңғалатын себебім — бұл бұған дейін қабылданбай қалған бас жоспардың көшірмесі болып шықты. Алдыңғы құжатта экотуризмді дамытуға қатысты парк әкімшілігіне арналған түсіндірме де болмаған еді, — деді Елена Ерзакович.

Оның айтуынша, құжаттағы жоспар бойынша салынуға тиіс ғимараттар тау жоталарына сай келмейді. Оған қоса, жалға алған компания жұмысы кезінде табиғатқа зиян келсе, оны кім өтейтініне қатысты сауалға нақты жауап жоқ.

Инвестор келісімшарт талаптарын ұстанбаса, келісімшарт бұзылатыны айтылды. Біздің ойымызша, тендер келісімшартын қазір-ақ бұзу керек. Өйткені жалға алынған аумақ антропоген әсерге ұшыраса және компания иелері қашып кетіп, салынған ғимараттар бос қалса, оның бәрін кім өтейді деген сұраққа әлі нақты жауап алмадық. Құжатты бұзуды талап ететін ашық хат та дайындадық, — деді экобелсенді.

Елена Ерзакович «Көкжайлауды сақтаймыз» тобының тағы бір экобелсендісі Ажар Жандосованың осы мәселеге қатысты ұсынысын жеткізді.

Ажар Жандосова бүгінгі шараға келе алмады. Ол эксперттер кеңесін құруды ұсынып отыр. Карантин шектеулері біткен соң мамандардың туризмді дамытуға қатысты дөңгелек үстелін өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Елена Ерзакович.

Айта кетейік, бұған дейін Іле Алатауы паркі аумағында экотуризм нысандары салынатыны хабарланған еді. Парктің 35 гектар жері экотуризмді дамыту үшін «Құлтау» жеке компаниясына 49 жылға жалға берілді.