«Елбасы Медалі» байқауына Алматы облысынан 888 жас өтініш берді

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы белсенді және талантты жастарды қолдауға бағытталған жалпыұлттық El Úmiti бастамасын көтерді. Бастама аясында Тұңғыш Президент — Елбасы қоры бірнеше тың жобаны іске қосты. Солардың бірі — ауыл балаларына арналған «Мың бала» пән олимпиадасы мен «Елбасы медалі» жобасы. El Úmiti бастамасына облыс бюжетінен 77 миллион теңге бөлінсе, оның 70 миллионы «Елбасы медалі» жобасын, 7 миллионы «Мың бала» пән олимпиадасын жүзеге асыруға жұмсалады.

«Мың бала» жобасының мақсаты — шалғай аудандардағы мектеп жасындағы балалардың қабілетін дамыту және дарынды жасты қолдау. Олимпиадаға қатысуға облыстан барлығы 65 348 оқушы іріктелген, олардың 33 500-і 5-класта, 31 848-і 6-класта оқиды. «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен ауылды жердегі мектептерге арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының I кезеңі сырттай қаңтар-ақпан айларында өткен. Облыс бойынша 1 150 оқушы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға бекітілді.

«Мың баланың» ІІ кезеңі Алматыдағы химия-биология бағытындағы және физика-математика бағытындағы Назарбаев мектептерінде 2020 жылдың 25-26 маусым аралығында өтеді.

Талдықорғандағы олимпиадаға қатысатын оқушылар бұйрыққа сәйкес қаладағы Сервис және технология колледжінің және Алматыдағы Дарынды балаларға арналған Шалтай Смағұлов атындағы облыстық мектеп интернатының жатақханасына орналастырылады. Қатысушыларға таңғы ас, түскі ас сағат 07.00-де және 12.30-да жатақхананың  асханасында беріледі, — деді Гүлбақыт Қасенова.

«Елбасы Медалі» жобасының мақсаты — өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және олардың үйлесімді жетілуіне жағдай жасау. Бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Әр деңгейдің өту мерзімі мен бағыттары нақтыланған. «Қола» деңгей 14 жастан үлкен, «Күміс» деңгей 15 жастан үлкен, «Алтын деңгей» 16 жастан үлкен қатысушыларға арналған. «Қола» деңгейді 6 айда, «Күміс» деңгейді 12 айда, «Алтын» деңгейді 18 айда орындап шығу керек. Байқауға қатысуға облыстан 888 жас тіркелді. Тіркелу әлі де жалғасып жатыр.