Фариза Жамбыл, сатушы:
30 мамырда әріптесімнен коронавирус инфекциясы анықталғаны себепті басшылық дүкен жабылатынын ескертті. COVID-19 жұқтырған әріптесім сол аптада жұмысқа бірнеше рет келген еді. Бірге жүрдік, кейбірі онымен бірге тамақ ішкен. Осыдан кейін онымен жақын байланыста болған 22 қызметкерді үйдегі карантинге жіберді. 14 күннен кейін коронавирус инфекциясын анықтау үшін тест жасататын болдық. Негізі сараптаманы сол кезде-ақ жасауға мүмкіндік болды, бірақ инфекция жұқса да, бірден анықталмайды деген соң кейінге қалдырдық. Анализ жасатуға кеткен шығынның бәрін компания өзі өтеді.
11 мамырда сараптама жасаттық. Ешқайсымыздан коронавирус анықталмады. Келесі күні басшылық хабарласып, жұмысқа шығуымыз керек екенін айтты. Өйткені 22 қызметкер жұмыста болмады. Дүкенге уақытша жұмыс істеуге қызметкерлер мен директор келген, бірақ олар жүрдім-бардым қараған. Осы себепті жұмысқа бірден шықтық. Сауда орталығы ашылмай тұрып дүкенге келіп, реттеп жатқанбыз. Біршама уақыттан кейін басшылық кеше жасатқан сараптама кезінде үш адамнан коронавирус анықталғанын айтты. Бәріміз есеңгіреп қалдық, не болып жатқанын түсінбедік. Өйткені кеше ғана ешкімнен инфекция анықталмады деді, ал бүгін басқаша айтып тұр. Осыдан кейін қорқыныш тағы пайда болды. Өйткені COVID-19 анықталған кейінгі үш қызметкермен жақын байланыста болып отырмыз. Анализ жасатуға барған күні де амандасып, әңгімелескенбіз. Сараптама жасатқан соң олармен бір автобусқа мінгендер, бірге тамақтанғандар да бар.
Коронавирус инфекциясы анықталған кейінгі үш адаммен жақын байланыс жасағанның бәрін тағы үйіне қайтарды. Оның ішінде өзім де бармын. Енді 14 күннен кейін тағы тест жасатамыз. Ешқайсымыздан анықталмайды деп үміттеніп отырмыз.
Қазір үш қызметкер де жағдайы жақсы екенін, ауырып жүрмегенін айтып жатыр. Бұған дейін коронавирус инфекциясының барына сенбеген едім, таныстарым ауырған соң бұл ойымнан қайттым. Өйткені коронавируспен ауырған алғашқы қызметкер бірнеше күн есін білмей, тамақ іше алмағанын айтты.
Асаубек Айымбетов, тележүргізуші:
«Қазмедиа орталығындағы» қызметкерлерден COVID-19 табылып жатты. Әріптестеріммен бірге коронавирус анықтайтын тест жасату керек болды. Өйткені төтенше жағдайға да, карантинге де қарамай жұмыс істедік. Бәрі үйде отырғанда дамыл таппадық. «Бәле қайда деме, аяқ астында» демекші, сақтық үшін ұжыммен бірге тексерілдік.
Мұндай тестіні алғаш жасататын болған соң уайымдадым. Қорқыныш болды. Барлығымыз тапсырып болғаннан кейін жауабын күттік. Абырой болғанда, COVID-19 өзімнен анықталмады.
Өкінішке қарай, инфекция жұқтырғандар да бар. Тест жасататынымызды естіген басқа әріптестеріміз біраз уақыт үрке қарап жүрді. Бұл да дұрыс шығар, бірақ адам инфекцияны кез келген жерден жұқтырып алуы мүмкін ғой.
Балнұр Қожагелді, журналист:
Жұмыс орнымдағы бір қызметкер коронавирус жұқтырыпты. Содан кейін басшылық барлығымызға тест жасату керек екенін, ал оның ақысы жалақымен бірге түсетінін айтты.
Сол күні кешке «Олимп» клиника-диагностика орталығының сайтына кіріп, анкета толтырдық. Келесі күні 15.40-та тест жасатуға шақырды. Айтылған мекенжай бойынша тест жасатуға бардым, кезек күтіп тұрған ешкім болмады.
Жауабы келесі күні дайын болады, бірақ үйге келген соң мазам қаша бастады. Өйткені коронавирус туралы жазылған өзге әріптесімнің материалын қазақ тіліне аударып едім. Сол кезде тамағым, басым ауырып, жиі жөтеліп жатқан сияқты болдым. Аударып жатқан материалды оқып, одан әрі қорықтым. Бүкіл өмірім көз алдымнан өткендей болды.
Күйеуім де «Уайымдама, әйтпесе, иммунитетің әлсіреп, шынымен ауырып қалуың мүмкін» деп мені тыныштандыруға тырысты, бірақ сол сәтте өзіме ең жақын адамның қолдауы да көмектеспеді. Ертесіне анализдің жауабы электрон поштама келді. «Біссімілләмді» айтып аштым, «анықталмады» деп тұр. Қатты қуандым, бірақ көп уайымдадым.
Коронавирус жұқтырып алсам, ауруханаға түсіп қалсам, қызымның жағдайы не болады деп ойладым. Көп ойланғаннан басым ауырып та кетті. Тест жасатуға кейін жуылады-ау деген киім-кешегімді кидім. Келген соң кіреберісте бәрін шешіп, үйге басқа киіммен кірдім. Бәрін бірден кір жуатын машинаға салып, өзім де жуынып алдым.
Тағы оқыңыз: Ағзадан коронавирус инфекциясы анықталғанда не істеу керек?
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.