«Ет адамның ойына кері әсер етеді»

Ақтөбеде тхэквондодан бапкер болып жұмыс істейтін Анара Құмарова ет жеуді 4 жыл бұрын тоқтатып, жаңа өмір салтын бастаған.

Әуелі ет жеудің зияны туралы деректі фильм көріп, дәрігерлердің дәрісін тыңдап, діни кітаптар оқи бастадым. Күнделікті жейтін тағамға ет қоспауға тырыстым. Ата-анам мен туыстарым мені қолдады. Вегетариандармен достасып, олармен араласқан соң еттен оңай бас тарттым, — дейді Анара.

Анара Құмарова. Фото жеке архивінен

Оның айтуынша, еттің зияны өте көп. Оған көпшілік көз жұма қарайды. Ол тақырыпты әр адам өз бетінше зерттеуі керек. Интернетте бұл туралы ақпарат жеткілікті. Сатушылар еттің қызыл түсін кетірмеу үшін малға антибиотик егеді. Мұндай етті жеген адам ауырып қалғанда оған антибиотик әсер етпейді. Анараның айтуынша, ет өнімдеріне гормонға әсер ететін дәрі мен зияны көп бояғыштар да қосылады.

Еттен жағымсыз энергия бөлінеді. Адамның ойына кері әсер етеді. Біреуді аямау, қатыгездік содан пайда болады. Адамдар етті көп жегенде өмірі де қиындайды. Себебі жануарды өлтіруге, жеуге болмайды, ол туралы діни еңбектерде де жазылған. Олар да біз сияқты өмір сүргісі келеді, — дейді ол.

Спортшы вегетариан болғалы өмірге көзқарасы өзгергенін, тіпті ағзасы да жақсарғанын айтты.

Жасымық сорпасын ішемін, жеміс-жидек, көкөніс, күріш, жаңғақ жеймін. Қазір менің көңіл-күйім де, денсаулығым да жақсы. Қан қысымым нормаға келді. Гемоглобинім артты. Терім тазарып, шашым тез өсе бастады. Айналама мейіріммен қарайтын болдым, — дейді.

«Жануарларға кесірімізді тигізіп жатырмыз»

Алматыда тұратын 20-дағы Эльдана Болатова 9-кластан бері ет жемейді. Әуелі ата-анасы мен жақындары қарсы болыпты, кейін көндіккен. Студенттің вегетариан досы көп.

Эльдана Болатова. Фото жеке архивінен

«Маған Батыстың вегетариан блогерлерінің YouTube-тегі материалдары қатты әсер етті. Қасапшылар сиырды қалай ұрып өлтіретінін, малды ет өңдеу зауытына қалай жіберетінін көрдім. Бұл видеодан кейін бір ай ет жей алмадым. Кейін етсіз де өмір сүруге болатынын түсіндім. Әуелі қызыл еттен, тауық етінен бас тарттым. Біртіндеп балық етін де жемейтін болдым», — дейді ол.

Эльдананың айтуынша, ет өнімдері асқазанда ауыр қорытылады және ол адамның көңіл-күйіне кері ықпал етеді, тез шаршатады.

 

Жануар да — кеудесінде жаны бар жаратылыс. Біз өз достарымызды жеп жүрміз. Оларға кесірімізді тигізіп жатырмыз. Вегетариан болу — әр адамның өз таңдауы. Саналы түрде шешім шығарғанымыз дұрыс. Қазір қиын болса да, жұмыртқа мен сүттен бас тартқым келеді. Бұл жануарларға жасаған жақсылығым деп есептеймін. Мен лағман мен мәнтіні қатты жақсы көремін. Барлық тағам түрін ет қоспай жасаймын. Вегетариан болған өзіме ұнайды, — дейді студент.

«Вегетариан болу — барлық тіршілік иесін қадірлеу»

Екі баланың анасы Айжан Жәкішева да — вегетариан. Таныстары еттен бас тартқанын естігенде «қазақ бола тұра қалай ет жемейсің?» деп таңғалған. Нұр-Сұлтан тұрғынының айтуынша, вегетариандар тағамы жеңіл, сіңімді, ең бастысы — денсаулыққа пайдалы. Асқазан ауыр астан, ми негатив ойдан арылады. Мұндай өмір салты сергек жүруге септігін тигізеді.

Айжан Жәкішева. Фото жеке архивінен

«2018 жылы вегетариан боламын деп ұйғардым. Оған дейін мына өмірде бірдеңе жетпейтін сияқты көрінетін. Әрдайым дұрыс ойлауға тырысып, өмірден дұрыс жол іздейтінмін. Шынымды айтсам, ет жеу арқылы тірі жаратылысқа зиянымды тигізіп жүргенімді ойламаппын. Әуелі еттің пайдасы мен зияны туралы іздене бастадым. Түрлі әдебиет ақтарып, видео көрдім. Ағзамыз етті сіңіре алмайтынын, ет жегенде ағзада ыдырау процесі қалай жүретінін түсіндім», — дейді Айжан.

Айжан еттен бас тартқалы қаназдықтан айығыпты. Қазір жұмыртқа да жемейді. Енді сүт ішуді доғармақшы. Ол жеміс, көкөніс, жаңғақ, үйде пісірілген нан, саңырауқұлақ сияқты өнімдермен қарын тойдырады.

Вегетариан болу тамақтану ғана емес, ол — барлық тіршілікке құрметпен қарау. Адам осы планетада жалғыз емес екенін түсінуі керек. Вегетариан болғысы келетіндерге Шон Монсонның «Жер тұрғындары» (Earthlings) деректі фильмін соңына дейін көруге кеңес беремін. Айналамыздағы тіршілік иесін құртуға қақымыз жоқ екенін біліп жүрейік. Біз дұрыс тамақтану арқылы ағзамызды да, ойымызды да тазартамыз, — дейді ол.

Анықтама

  • Вегетариан — еттен, жан-жануарды, аң-құсты, балықты жеуден бас тартқан адам, олар өсімдікпен, сүт өнімдерімен, жұмыртқамен қоректенеді. 
  • Веган — вегетариандықтың қатал формасын ұстанатын адам, ол сүт өнімдерін, жұмыртқаны, балды — жануарлардан алынатын барлық өнімді жемейді.