Басты бетЖаңалықтарХалық денсаулығы...

Халық денсаулығы туралы кодекс Президенттің қол қоюына жіберілді

Бұған дейін Сенат кодекс жобасына түзету енгізу үшін оны Мәжіліске қайтарған еді.

Парламент Сенаты депутаттары Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл түзетулер кодекс жобасының Мәжіліс мақұлдаған тұжырымдамасын өзгерткен жоқ. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдауды ұсынды, — деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Парламент бұған дейін «Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі жобасына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы» деп аталатын заңды да мақұлдады.

Заң бұзудың кейбір санаты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстырылды. Бұл өзгерістер мен толықтырулар да Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын бұзған жоқ, — деді Зәуреш Аманжолова.

Сенат депутаттары Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасындағы дәрігерлер қатесі туралы норманы түзеткен. Медицина жұмысшыларының үстінен негізсіз қылмыстық іс қозғалмауы үшін Президенттің тапсырмасы бойынша дәрігерлерге қатысты қылмыстық жаза қайта қаралды.

Жаңа кодекс шылымның электрон және басқа да түрі мен қорқорды кәдімгі шылыммен тең қарастырады. Онда балаларды міндетті вакцинациялау туралы және сапасыз вакцинаны өндіру, сату мен қолдануға қатысты жазаны күшейту туралы нормалар да бар.