— Тіл үйрететін онлайн орталық қызметін жаңа бизнес ретінде таңдауға не себеп болды?
Нұрлан Жанай: — Өзім бұрыннан ағылшын тілін қазақша оқытып келемін. 2013 жылы Халықаралық ІТ университетін бітірерде диплом жұмысына ағылшын тілін қазақша оқытатын сайт құрастырдым. Оның ішіне музыкадан бастап түрлі материалды салып қойдым. Өзім ағылшын тілін оқытып жүргеніммен сайт тоқтап тұрды. 2016 жылы Intellect Incubator қоғамдық қорының негізінде Алматының жастарына ағылшын тілін, блогингті үйретіп жүрдік. Ал 2017 жылы English Practicum жобасын мұқтаждықтан бастадық. Ақша қажет болып, «не сата аламын?» деп ойландым. Сөйтіп желіге «2 ай ағылшын тілін оқытамын, курстың бағасы — 10 мың теңге» деп жазып қойдым. Бір күнде біраз адам жазып, бір айда 40-50 оқушы жиналды. Мұндай идеяны сол кезде көбі жүзеге асыра бермейтін. Meссенджерден топ ашып, сонда тапсырма, видео, кітап, мотивация беретін сөздер жіберіп отырдық. Сонымен 400-ге жуық адамға ағылшын тілін онлайн оқыта бастадық. Сол кезде оқыған адамдар әлі күнге дейін рақмет айтады.
Қазір адамдарға қарым-қатынас жетпейді. Бұрын автобуста қыз бен жігіт танысатын еді, замандастар кафеде көрші үстелдегілерге көз салып, қалжыңдасатын еді. Қазір бәрі басқаша. Ал тіл — коммуникация құралы, ол бар жерде эмоция да болады. Сондықтан өз тілімізде сөйлеп, басқа тілді үйренуді де тоқтатпауымыз керек. Бізден ағылшын, орыс тілдерін не себепті оқытатынымызды сұрап, «қазақтарды құртайын деп жатсыздар ма?» дейтіндер бар. Біздің көздегеніміз қазақты құрту болса, тілді қазақша үйретпейтін едік. Өзіміз сияқты қазақтар көп тіл білсін, ақпаратты түпнұсқасынан оқысын, білімі, дүниетанымы кеңейсін деген мақсатпен ағылшын тілін қазақша оқытып жүрміз. Сонда біз басқа елдің халқын жат санамаймыз, жақсы жағынан танимыз. Қазақтарда басқа халықтар туралы стереотиптер бар, өйткені олардың тілін түсінбейді. Бір қазақ түрікті жамандап отырса, одан «түрік ұлтынан досың бар ма?» деп сұраймын. Әлбетте жоқ. Араласып көрмеген соң оны жат санайды. Бала кезімде біздің аулада 7-8 ұлттың өкілі тұратын. Бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік. Адамды ұлтына қарай алалап-кемсіту жоқ еді. Кейін оңтүстікке көшіп келгенде ұлтқа бөлінуді байқадым. Өзім 4-5 тілде сөйлей алғаннан ба, мен айналамдағыларды өзге деп қабылдамайтын едім.
Шетелден инвестиция мен көп турист тарту үшін де мемлекеттің ағылшын тілін білу индексі маңызды. Бізде кез келген мектеп пен жоғары оқу орны ағылшын тілін оқытады. Екінің бірінің магистр дипломы бар. Сондықтан адамның ағылшын тілін білетінін тек IЕLTS арқылы анықтау керек шығар. Бұл салада да шешілмеген мәселелер бар. Кез келген отандасымыз Қазақстанда, болмаса, басқа елге барып жұмыс істеуге қызықса, дүниежүзі бойынша бәсекеге қабілетті елге айналар едік. «Қазіргі заман адамының бейнесі қандай?» дегенде сипаттаманың ішінде «ағылшын тілін білу» деген пункт міндетті түрде болуы керек.
Дәурен Көбеев: Тарихымызды, қазақ кезінде қандай болғанын ауыз толтырып айтамыз, бірақ ол өзімізден басқа ешкімге танылып жатқан жоқ. Қазақ қазақ үшін ғана мақтаныш болып қалды. Неге тарихшылар елімізді дүниежүзіне танытпайды? Біздің қыз-жігіттер тіл білгенінің арқасында халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүр. Бізде шетелден турист келсе, «өзі үшін келіп тұр, қазақша сөйлесін» деп міндетсіну бар. Ал турист өзіне ыңғайсыз, ойын жеткізе алмайтын ортаға келгісі жоқ. Оны күтіп алу үшін өзіміз дайын болуымыз керек. Қазақстанның әр азаматы ағылшынша кемі 50 сөз, 20 тіркес біліп, туристің қасына барып, қайдан келгенін, жағдайын сұрай алса, қазақтың кеңдігін, мейірбандығын, қонақжай екенін көрсетер еді. Оған жақындап «не көмегім керек?» деп сұрасақ, еліне барғанда қазақтар көшеде жағдайымды сұрап, көмектесіп жүрді десе, Қазақстанның аты шықпай ма? Жақсы, жаңа идеядан ақша аямайтын ел көп, керемет идеяны сол елдердің тілінде жеткізе алмасақ, Қазақстанға инвестиция да жоқ.
— Тіл үйрететін орталық көп. Адамдар неге TilBil Online Education орталығының қызметін пайдалануы керек деп ойлайсыз?
Нұрлан: — TilBil Online Education — шет тілдерін қазақша оқытатын компания. Кез келген клиентке сапалы қызмет көрсете аламыз, оның назын тыңдаймыз. Кейде адамдар курсты оқымай-ақ аяқтағысы келіп тұрады. Ондайда қасына тағы бір курсты қосып, клиенттің тілін табуға тырысамыз. 2 айға 10 мың теңге деп бағасын 2017 жылы қойғанбыз, әлі өзгерген жоқ. Бұрын тікелей эфир аз болса, қазір жиі шығамыз. Мұғалімнің де әр оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Келеңсіз жағдайларға байланысты кейбірі курстан қол үзіп қалады. Оқушымыз, мысалы, «Мақтааралдан едім» деп жағдайын айтса, одан еш алаңдамауды өтінеміз. Кейін ол кісіні кез келген уақытта бір топқа қоса аламыз. Біздің мұғалімдер курсты қарамай кеткен, тікелей эфирге қосылмаған оқушыларды іздейді, оқуға ынтасын оятуға тырысады. Отандастарымыз тіл білсе екен дегенді көбірек ойлаймыз. Тілді онлайн үйрену ақшаны, уақытты үнемдейді, оның үстіне, кез келген уақытта қарай алатынымен ыңғайлы. Негізі курсты офлайн оқып, сол тілде сөйлеп кеткен адам аз. Себебі мұғалім сабақ түсіндіремін деп, әр оқушының сұрағына жауап бере алмауы мүмкін. Ал онлайн курста адам мұғалімнен түсінбегенін кез келген уақытта сұрай алады. Интернетте уақытын босқа құртатын, пайдасыз нәрсені көретін оқушылар одан да тіл үйренсін дейміз. Интернет басқа кеңістік болғандықтан онда қалай амандасып, қалай сөйлесу керек екенін де үйретіп жатырмыз.
Дәурен: — Клиенттің көңілі, сұранысы үшін түрлі шешім шығарамыз, соған байланысты 4 500 адамға қоятын талабымыз да жоғары. Үй тапсырмасын орындауы керек, тікелей эфирге шығуы қажет. Байқағанымыз, біраз адамда комплекс бар. Ол «тіл білмеймін, сөйлей алмаймын» деген комплекс қана емес, көбі сөйлеуге, ойын айтуға ұялады. Біз әр оқушы тіл үйреніп қана қоймай, комплексінен арылып, қысылмай сөйлегенін де қалаймыз. Өзін видеоға түсіруді немесе сабақты аудиожазбамен айтуды сұрап, топтағы 15-20 адамның ортасында жарқырап көрінуіне мүмкіндік жасаймыз. Сұраныс бар екен деп, тілді жай ғана оқыта салғымыз келмейді. Тіл үйренумен бірге әр адамның мақсаты орындалғанын, болашағынан үміті болғанын қалаймыз.
Онлайн оқытудың ыңғайлы тұстары бар. Біріншіден, адам күндіз де, түнде де өзі қалаған уақытта оқи береді. Екіншіден, тікелей эфир деген бар, онда сөйлеп үйренеді. Онлайн оқыту кейінгі 2 айдың үрдісі емес, ол — бұған дейін болған, кейін де бола беретін нәрсе. Айына 4 500 адамды оқытамыз. Офлайн форматта мұнша адамды қамту қиын болар еді. Оның үстіне, карантинде көп адам жиналуға болмайды. Офлайнда Алматының бір толқында жүрген адамдары жиналып, тіл үйренеді. Ал онлайн оқығанда еліміздің әр өңірінен, шетелден адамдармен танысуға мүмкіндік болады.
— Не себепті орыс тілін оқытуды қолға алдыңыздар?
Нұрлан: — Көбіне өңірлердегі халық «орысша білмейміз, ағылшын тілін оқу не теңіміз?» деп, орыс тілін оқытуды сұрай берді. «Неге ағылшын тілін үйрете бересіздер? Орысшаны оқытсаңыздаршы» деп ұрысқандар да болды. Басында орысшаны қалай үйретеміз деп көп ойландық. Осы тілдің маманын тауып, сөйлессем, ол да «орысшаны кім оқиды?» деп таңғалды. Мен еліміздің әр өңірінде болғанымды, орысша сөйлей алмайтын халық көп екенін айттым. Ақыры орыс тілінің курсын тура ағылшынша үйрету тәсілімен бастап кеттік. Оған адамдар 2-3 есе көп келе бастады. Сол кезде тіпті ағылшын тілі курсы тоқтап қалды. Одан кейін Түркияға оқуға, саяхатқа баратын адамдар түрік тілін сұрады. Жасөспірімдер K-pop тыңдайды, дорама көреді. Олар Оңтүстік Кореяға барғысы келеді, кумирінің тілін үйренгісі келеді. Біз барлық курсты сұранысқа қарай ашамыз.
Қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін адам ағылшын тілін оқыса, сол елдің адамына айналып кетпейді. Мысалы, біз қазақ тілінде түс көреміз. Ағылшын тілін оқығанымыздан сол тілде түс көріп кетпейміз. Есімімізді ағылшыншаға өзгерт, үстімізге түрік киімін кигіз, орыстың тамағын бер — бәрібір қазақ боп қаламыз. Демек, мұндай өзгерістен қорқудың қажеті жоқ, керісінше, бірнеше тілді үйренуді жаңа нарық деп қабылдау керек. Мысалы, фотограф қазақша да, орысша да сөйлей алса, аз клиентпен шектеліп қалмайды, көп ақша табады. Тіл білгенінің арқасында қазір Қазақстанның біраз азаматы шетелде, белгілі компанияларда жұмыс істеп жүр. Тіл білсек, көп адаммен, көп мәдениетпен танысамыз, қызметімізді басқа елге де ұсына аламыз.
Дәурен: — Орыс тілі курсына қатысты айтылатын негатив пікір де бар. «Халықты қазақ қыла алмай жүргенде сендер орыс тілін үйретпексіңдер» дейтіндер табылады. Біз мұның бәрін қазақты орыстандыру немесе ағылшынға айналдырып жіберу үшін істеп жатқан жоқпыз. Орыс тіліне сұраныс бар, адамдар оны үйренуге мұқтаж. Бұл тілді адамның өміріне әйтеуір бір пайдасы тиер деген ниетпен үйрете бастадық. Орыс тілі курсы бизнестің дамуына біраз үлес қосты. Қазақстанда орысша сөйлей алмайтын адам көп. Ал бұл тілде сөйлемесең, тиімді, табысы көп жерде жұмыс істей алмауың мүмкін. Тіл үйренудің өзі белгілі бір процесс болса, адам сол жолда интеллект жағынан дамиды. Ол жаңа тіл үйренбесе, бұрынғы деңгейде қалып қоюы мүмкін. Кез келген жаңа нәрсені білуге талпынса, адамның миы да басқаша жұмыс істейді.
— Ағылшын тілін оқытуда қандай қиындық бар? Оқығанды ұмытып қалмау үшін не істеу керек?
Дәурен: — Анкета толтырғанда «cаяхаттағым келеді, бір рет демалысқа барғанда сол елдің тілінде сөйлесем ғой» деп жауап беретіндерді курсқа жібермейміз. 1-2 даяшыны таңғалдыру мақсат емес. Тек білімге ұмтылу, жаңа нәрсені үйрену, оны өз кәсібіңде қолдану мақсат бола алады. Бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев TEDxAlmaty алаңында 2011 жылы дүниежүзінде ағылшын тілінде 550 мың, орыс тілінде 97 мың, французша 65 мың, ал қазақ тілінде 2 300 кітап шыққанын айтқан еді. Мың есе артық дүниені білу үшін, оны уақытында алып, өмірде қолдану үшін тіл білу керек. Әрине, қазір шетелде біреуден бірдеңе сұрау қиын емес. Ол үшін түрлі ресурсты пайдалануға болады, бірақ ол интеллектті шектейді. Біз тілді мектептегідей бағдарламамен оқытпаймыз. Беретін тапсырмамыздың өзі музыка мен киноға, әдебиетке қарай құрылады. Тіл үйрету принциптерін бұзбай, өзіміздің жаңашылдығымызды қосып үйретеміз. Адамда осы тілді қолданып, бірдеңе жасаймын деген мақсат болмаса, оқығаны 2-3 айда ұмытылып кетеді. Сондықтан ең болмағанда сол тілде материал алып, оқып тұру керек.
— Болашақта компания қандай бағытта дамиды?
Дәурен: — Карантин кезінде біраз адам нақты бірнәрсені үйренуге мұқтаж болды. Сондай кезде Нұрлан «мұғалімдер қазір интернетті ашып, камераның алдында сабақ беруге қорқып отыр, ақыл-кеңесімді айтсам, пайдалы болар» деп марафон бастап кетті. Халыққа ұсынып едік, бәрі «бұлай да болады екен ғой» деп қызықты. Мұғалімдерге қашықтан оқытуға қажет гаджетті қолданудан бастап оқушымен сөйлесуге дейін тегін үйреттік. «Онлайн педагог» деген курсымыз Daryn.online платформасында да сатылып жатыр. Осындай курстың, марафонның нәтижесінде біз педагогтарды түсіне бастадық. Оларды тану, көзқарасы мен қабілетін білу арқылы бізге кім керек екенін нақтыладық. Білікті мұғалім көп болғанымен оның бәрі бірдей онлайн сабақ бере алмайды. Марафонға 3 мың мұғалім қатысты, қазір курсты жалғастырып жатқандар бар. Кейін «Онлайн медик» деп аталатын екінші марафонды бастадық. Онда медицина қызметкерлері пациентке қашықтан кеңес беруді, онлайн анализ жасауды үйренеді. Біраз жыл бұрын дәрігермен видео арқылы сөйлесуді елестетпеп едік. Қазір сенімді дәрігеріңмен кез келген жерде отырып кеңесе алатын жағдайға жеттік. Бұл — медицина қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік. Уақытынан бастап, біраз нәрсеге үнем болады, одан ақшасы көбеймесе, кемімейді.
Құрылтайшы ретінде осы компанияға келгенде менің де, Нұрланның да көзі жеткен нәрсе — компания клиенттерінің саны былтырғы ақпан айымен салыстырғанда 100 есе өскен. Нұрлан кезінде келесі жылы жұмыс көлемі 100 есе өсуі керек, біраз деңгейге көтерілуім керек деген мақсат қойып, оған жеткенін де байқамаған. Биыл Қазақстанмен шектелмей, дүниежүзі нарығына шығуды, ағылшын тілін көрші мемлекеттердің өз тілінде оқытуды қарастырып жатырмыз. Болашақта ІТ саласына көңіл бөлеміз. Негізгі өніміміз — тіл үйрету, ал ІТ — соны жеткізу құралы ғана. Ақпарат технологияларына көңіл бөліп, арнайы платформамыз кең тарайтын болса, білімнің сапасын көтеріп, оны жаңартып тұру да бір тірлік болады. Ағылшын тілін оқытудан басталған 4 жыл ғұмыры бар компанияның қазіргі білім беру деңгейіне қарасақ, ол 4 жыл бұрынғыдай емес. ІТ-ға көңіл бөлгенімізбен негізгі бағытымыз өзгермейді.
Нұрлан: — Осыған дейін ойыма келген дүниені тоқтамай жасай беретінмін, бірақ команда ілесе алмай қалатын. Қазір Дәурен нені қалай жасайтынымызды, нені кейінге қалдыруға болатынын айтып, жүйелеп отырады. Идеямды жүзеге асырғанша тынбай кетемін, дегенмен оның ішінде де шынымен жарайтыны болады. Сондай сәтте Дәурен көмектеседі. Дүниежүзі деңгейіне шыға алатындай жұмыс істеп жүрміз десем, қателеспеймін. Менеджмент маркетингі жағынан да өзімізді тілді онлайн үйрететін компаниялардың арасында біріншіміз деп айта аламыз. Болашақта IT-компанияға айналғымыз келеді. «Отандастарымыздың тіл үйренуіне, сол арқылы дамуына, жаңа дүниені көруіне көмектесіп жатырмыз» деген ой — күнде жұмысқа барып, жаңа курс ашуға, компанияның қызметін жақсартуға үлкен мотивация. Қазақстанға ғана емес, дүниежүзі халқына көмектессек деген ниетіміз бар.