Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды

Достар, өздеріңізге жағымсыз жаңалық жеткізуіме тура келіп отыр. Коронавируске тапсырған соңғы тестінің нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын, — деп жазды Елжан Біртанов Facebook-парақшасында.

Министр санитария талаптарын қатаң сақтағанына қарамастан ауру оны да айналып өтпегенін айтты. Оның айтуынша, әсіресе қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын.

Кейінгі күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкерлер, кәсіпорын қызметкерлері, медицина мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ қызметкерлері арасынан ауру жұқтырғандар қатары артып келеді. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бізге жеке кездесулерге жиі баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары, — деді министр.

Елжан Біртанов Қазақстан азаматтарынан «жеке карантин» ережесін қатаң сақтап, аурудың алдын алу шарасына мұқият мән беруді сұрады. Министр азаматтарға мынадай кеңес ұсынды:

1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және тағы басқа жерлерде мүмкіндігінше арақашықтық ұстаныңыздар.
2. Егер сіз офис қызметкері болсаңыз, мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге тырысыңыз.
3. Туыстармен, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланысыңыз.
4. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз.
5. Қолды кем дегенде 20 секунд сайын сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз.
6. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.

Денсаулық сақтау министрі адам бойынан әлсіздік байқаса, тамағы ауырып, дене қызуы көтерілсе, дереу дәрігерге хабарласу керек екенін ескертті.