Бас синоптиктің мәліметінше, биыл жазда ел аумағына Иран мен Орталық Азияның және Арктиканың ауа массасы кезектесіп келіп, ыстық күндер мен салқын күндер алмасып отырады. Өткінші жаңбыр жауып, күшті жел соғады.
Маусымда республиканың көп бөлігінде орташа айлық температура нормадан 1-2 градус жоғары, ал солтүстік өңірлерде норма шамасында болады. Жауын-шашын елдің көп бөлігінде норма шамасында, ал оңтүстік-батыста нормадан аз түседі.
Шілдеде Қазақстанның барлық өңірінде ауа температурасы норма шамасында болады. Көп өңірде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады, оңтүстік-батыста, оңтүстік-шығыста және орталықта жауын-шашын нормадан аз түседі.
Тамызда да республиканың көп өңірінде температура норма шамасында болады.
Батыста ғана термометр бағаны климат нормасынан бір градус жоғарыны көрсетеді. Батыста және оңтүстікте жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады, жауын-шашын солтүстікте және оңтүстіктің таулы аудандарында нормадан көп түседі, — деді Данара Әлімбаева.