Оның мәліметінше, қазіргі кезде 1992 жылға дейін беріліп, Білім және ғылым министрлігіне тіркелген 2,5 миллионнан астам диплом цифрландырылған.
Қажет норматив актілер қабылданды. Биыл барлық диплом электрон форматта беріледі. Ол не үшін қажет? Дипломдардың түпнұсқасын растауға жұмыс берушілермен қатар азаматтардың да көп уақыты кететіні жасырын емес. Білім және ғылым министрлігіне дипломның түпнұсқасын растау жөнінде жыл сайын 500 мыңнан астам сұраныс келіп түседі. Ол жұмыс көп уақытты алады, — деді Рүстем Биғари.
Вице-министрдің айтуынша, жоғары білім туралы құжатты цирфландыру, біріншіден, мемлекеттік үлгідегі жалған диплом айналымын жоюға мүмкіндік береді, екіншіден, жұмысқа орналасатын үміткерлердің білім-білігі туралы шын ақпаратқа көз жеткізеді.
Диплом электрон форматта берілгенімен қағаз құжат та іс жүргізуге жарамды болады.
Қазақстанда жоғары білім туралы дипломның түпнұсқасын онлайн тексеруге мүмкіндік беретін сервис ашылатыны бұған дейін хабарланған еді. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің мәліметінше, ол жылдың соңына дейін іске қосылады.