Артист автокөлік апатына ұшыраған.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы балеттің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Талғатұлы Ғатауовтың оқыс қазасына байланысты қайғырып, оның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, — деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі Instagram-да.
Тайыр Ғатауов 1984 жылы 19 қазанда Оралда хореограф отбасында туған. 2004 жылы Александр Селезнев атындағы Алматы хореография училищесін, 2009 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін педагог-хореограф мамандығы бойынша бітірді. 2003-2013 жылдары Күләш Байсейітова атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында жетекші солист болды, 2013 жылдан бері «Астана Опера» театрында қызмет етті. Миландағы Ла Скала театрында тәжірибеден өткен.
Ол Борис Асафьевтің «Бақшасарай фонтанындағы» Вацлав, Петр Чайковскийдің «Аққу көліндегі» Зигфрид, «Шерткішіндегі» ханзада, «Ұйқыдағы аруындағы» Дезире, Людвиг Минкустың «Баядеркасындағы» Солор, «Дон Кихотындағы» Базиль, Ғазиза Жұбанованың «Қарагөзіндегі» Нарша, Арам Хачатурянның «Спартагындағы» Красс партияларын орындады. Халықаралық байқаулардың жүлдегері.