Балаға қатысты қылмыстың көбін оның жақын адамдары жасайды

Балаларға қатысты қылмыс ерекше алаңдатады. Жыл сайын осындай 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Олар: жәбірлеу, сабау, бопсалау, жалғыз тастап кетіп, қауіп төндіру. Қылмыстың үштен бірі оларға жыныстық әрекет жасауға қатысты, — деді Ішкі істер министрі халыққа есеп беру кездесуінде.

Ерлан Тұрғымбаев Тараз мектебіндегі дәретханада болған оқиға білім беру мекемелеріндегі көп проблеманы ашып бергенін айтты.

Қазір біз Білім және ғылым министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірге барлық мектепті видеобақылау жүйесімен жабдықтап жатырмыз, жеке күзет қызметтерімен келісімдер жасалып жатыр, — деді министр.

Ол биыл балаларға қатысты қылмыстың жазасы қатайғанын еске салды. Кейбір бап бойынша 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Бұл мәселе полицияның күшімен ғана шешілмейді. Осындай оқиғалардың 70%-тен астамын баланың жақындары — әкесі, өгей әкесі, анасының бірге тұратын адамы, көршісі, жақын туысқандары, таныстары жасайды. Мұндай қылмыстар кейде жылдап жалғасады, жәбірленушілер мен олардың туыстары ол туралы ешкімге тіс жармауды артық көреді. Осы жылдың басынан бері ғана жасөспірімдерге қатысты 879 қылмыс жасалды, оның 402-сі — зорлау. Осындай әр факт — баланың трагедиясы және оның тағдырына түскен таңба, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бас полицейдің айтуынша, балаларды қорғау мәселесі әлеуметтік желіде жиі айтылғанымен іс ұраннан ары аспай тұр. Министр қоғамдық бірлестіктерді, үкіметтік емес ұйымдарды жас буынды зорлық-зомбылықтан қорғауға күш біріктіруге үндеді.