Артур ван Дизен, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі:

Артур ван Дизен
Артур ван Дизен. Фото: ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі

Балалар құқығын қорғау мәселесі бойынша Қазақстанның біршама тәжірибесі бар. Мысалы, кейінгі жылдары елде нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балалар өлім-жітім көрсеткіші азайған. Балалардың бәрі бірдей бастауыш және орта білім ала алады. Бірақ балалар құқығына қатысты бірқатар мәселе бар. Мүгедектігі бар және көші-қон процесіндегі балалардың, арнайы мекемелерде тәрбиеленетін балалардың құқығы толық сақталып жатқан жоқ.

Адамдар арасында әлі күнге дейін балалардың мүгедектігінен қысылу, оларды жасырып қалу, қоғамнан оқшаулау сияқты түсінік жойыла қоймады. Біз мүгедектігі бар адамдардың проблемасын ашық айтып, оның бойындағы басқа қабілеттерін ашып, соған қарай бар жағдайын жасауымыз керек. Қазақстанда инклюзив қоғамды қалыптастыру керек. Сонымен бірге елде балалар арасындағы зорлық-зомбылық кең тарағаны белгілі. Үйде, мектепте және басқа да мекемелерде зәбір көретіндер бар. ЮНИСЕФ ересек адамның бала тәрбиесінде күш қолдануына қатысты зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан азаматтарының көбі балаға білім мен тәрбие беру кезінде шапалақпен ұруды оңтайлы әдіс деп есептейтінін білдік. Күш қолданудың кез келген түрі, қатаң болсын, жұмсақ болсын, балаға үлкен зардабын тигізеді. Салдарынан бала депрессияға ұшырайды, мазасызданады, мектепте, үйде қиын жағдайларға тап болады. Ондай қысымды көрген баланың ересек өмірге көшу процесі қиындау болады. Сондықтан бұл мәселеге салғырт қарамауға тиіспіз.

Қазақстанда балаларға қатысты оқиғалардың уақыт өткен сайын қалай өзгеретінін бақылауға мүмкіндік беретін жүйе жоқ, бірақ бізде жекелеген мысал көп. Көрсеткіш неге күрт өскенін анықтау қиын емес. Елдегі қатаң режим кезінде барлық отбасы мүшесі тәулік бойы үйде отырады. Олар пандемияға, өзінің жеке қауіпсіздігі мен тұрмыс перспективасына алаңдайды. Бұл уақытта көбі күйзеліске ұшырайды. Салдарынан осындай іс-әрекетке барып жатуы мүмкін. Отбасы мүшелерінің бірі зорлық-зомбылық құрбаны болса, онда ол агрессормен тәулік бойы бір шаңырақ астында деген сөз. Мұндай жағдайда жәбірленуші адамға көмек беру қиын. Ол бұрынғыдай емін-еркін жүріп, құрдастарынан, мұғалімдерден, түрлі орталықтан қолдау ала алмайды. Бұл — біз үшін үлкен сынақ. Қазіргі таңда ЮНИСЕФ осы мәселені шешу үшін балаларға психологиялық-әлеуметтік көмек беретін, олар кез келген уақытта көмекке жүгіне алатын жаңа арналар ашып жатыр.

Бала құқығын бұзбау үшін ата-ана Бала құқықтары туралы конвенцияны жатқа білуге міндетті емес. Оның орнына баланың пікірін, оларды мазалайтын проблеманы тыңдай білуі қажет. Әрдайым олармен тығыз байланыста болуы керек. Оның таңдауына құрмет білдіруге тиіс. Қорыта айтқанда, балаға көкейіндегі мәселесін ашық жеткізуге, оның шешімін бірге табуға тырысудың өзі балалардың құқығын қорғаудың негізі қадамы болып есептеледі.

Аружан Саин, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Аружан Саин
Аружан Саин. Фото жеке архивінен

Қазақстан қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияда елдегі әр бала өмір сүруге, азаматтық алуға, көзқарасын ашық айтуға, кез келген зәбір түрінен қорғалуға құқылы екені жазылған. Соған қарамастан елімізде балалар мен жасөспірімдерге қатысты және олардың өз арасындағы буллинг пен қылмыс көп. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша Қазақстанның көрсеткіші қынжылтады. Меніңше, бұл мәселені шешуде, баланың құқығын қорғап қалуда тәрбие өте маңызды. Көбі баланы тәрбиелеумен мектеп айналысуы керек деп ойлайды. Әрине, дұрыс шығар. Дегенмен мектептің басты мақсаты білім беру екенін ұмытпағанымыз жөн. Оларға тәрбие берудің ең тиімді әдісі — баланың қабілетін дамыту, спортқа, ғылымға, шығармашылыққа деген ынтасын ашу. Өзін жан-жақты дамытқан бала қылмыс жасауды, біреуге зәбір көрсетуді ойламайды. Оған уақыты да болмайды. Мен іссапарлар барысында бұл тақырыпта осы саладағы көп маманмен сөйлесемін. Мамандардың айтуынша, бала бойындағы қабілетті дұрыс бағыттамаса, ол оны басқаларға күш көрсету арқылы сыртқа шығарады. Өзі басқалардан мықты екенін солай дәлелдегісі келеді екен. Меніңше, балаларына күш көрсететін ересектерде кезінде осы проблема болған. Сондықтан жеткіншектерге қабілетін, күш-жігерін пайдалануға мүмкіндік беруіміз керек. Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер бұл нәрсеге ерекше мән береді. Бізде спортқа қызығатын немесе болашағын спортпен байланыстыратын балалар ғана үйірмелерге қатысады. Олардың өзі ата-анасы үйірме ақысын төлей алса ғана барады. Елде барлық балаға бірдей тегін мүмкіндік беретін секциялар өте аз.

Мемлекет мәдениетті, спортты дамытуға қыруар қаржы бөледі, бірақ ол дұрыс бағытта жұмсалмайды деп ойлаймын. Қаражатты кәсіби спортшыларға немесе түрлі іс-шараға жұмсап жатады. Соңында балаларға ештеңе қалмайды. Кәсіби спортшылар — жетілген адамдар. Оларға демеушілер көмек берсе, жетеді. Оның орнына бала мемлекет қаржысына кемінде екі үйірмеге бара алатындай жағдай жасау керек. Баланың жеке құжаты, ЖСН нөмірі бар. Олардың жеке шоты болғаны дұрыс. Бұл тек балаға пайдалы дүние емес. Өзінің сүйікті ісімен айналысып, емін-еркін өскен бала — мемлекеттің болашағы.

Елжас Ертайұлы, отбасы кеңесшіcі, педагог:

Елжас Ертайұлы
Елжас Ертайұлы. Фото жеке архивінен

Қазақстанда балалар құқығын қорғау мәселесі құқықтық норматив жағынан қарастырылған. Оған байланысты бірнеше норма бар, бірақ халықтың көбі оларды білмейді, білуге тырыспайды. Өкінішке қарай, ата-ана балаларын өзінің меншігі деп есептейді. Оның жеке тұлға екенін және құқығы бар екенін ескермейді. Баланың пікірімен санаспау қалыпты жағдайға айналды. БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілдігі «Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма?» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Нәтижесінде жерлестеріміздің 75%-і «иә» деп жауап берсе, 65%-і бұл әдісті іс жүзінде қолданатынын айтқан. Сонымен қатар мектепте де балалар құқығы толық қорғалмайды деп ойлаймын. Facebook желісінде бірнеше мұғалімнің пікірін оқыдым. Онда олар баланы ұрып тәрбиелеуді қолдайтынын ашық айтып отыр. Бұл — елде балалар құқығы көңіл толарлықтай жағдайда емес екенінің дәлелі. Қоғам балаға күш көрсетілген жағдайда ғана оның құқығы бұзылды немесе зәбір көрді деп санайды. Бұл — қате түсінік. Ересек адам балаға психологиялық та қысым көрсетуі мүмкін. Салдарынан баланың психикасы бұзылады.

Елімізде балалар да құқықтарын білмейді деуге болады, әсіресе қазақша сөйлейтін жеткіншектер. Бір жағынан, баланың ересек адамға қарсы сөз айтуы біздің менталитетке, дінімізге сай келмеуі мүмкін. Сондықтан құқық мәселесін баладан гөрі ересектер біліп, оны таптамауға тиіс. Осы тұста қазақтың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөзін ескерген жөн.

Қазір балалар құқығын қорғау мәселесі Батыс елдерінде ретке келген. Олар бұл мәселені ересектерге қаржылай немесе ата-ана құқығынан айыру сияқты жаза арқылы шешуге тырысып жатыр. Меніңше, елімізде бұл проблеманы шешу үшін, біріншіден, ересектер жалпы адам құқығын құрметтеуді үйренуі керек. Екіншіден, балаларға өзінің жеке мүлкі ретінде қарамауға тиіс. Бұл нәрсе заңға, дінге, менталитетке, салтқа да қайшы екенін түсінуі қажет. Балаға жеке тұлға ретінде қарау керек.

Осы мәселеге байланысты «Баланы жазасыз тәрбиеле» атты алғашқы туындымды жарыққа шығардым. Бұл кітапты жазуға 2-3 жыл кетті. Зерттеу барысында балалардың басындағы проблемалардың негізгі себебі ата-ананың жазалауынан болатынын байқадым. Кітапта жазалаудың кесірінен бала қандай зардап шегетіні жазылған. Балаға күш көрсететін ата-ана өз іс-әрекетін ақтауға тырысады. Кітабым бұл нәрсенің қисынсыз екенін үлкендерге түсіндіреді.