Тараз әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз әкімі болған Қайрат Досаев жұмысында жүйелі кемшілік жіберген деп есептейді.

Қайрат Досаев
Қайрат Досаев. Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тараз әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараз басшысының міндетін әкімнің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов уақытша атқарады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Тараздағы мектепте болған оқыс оқиғаға байланысты және өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев атқарып отырған лауазымынан 2019 жылғы 21 қарашадан бастап босатылды. Тараз әкімінің міндетін уақытша атқару Тараз әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлы Жанбосыновқа жүктелді, – делінген Жамбыл облысы әкімдігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының басшысына Тараз әкімін қызметінен босатуды тапсырған еді.

Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым, – деп жазды Президент Twitter-де.

Қайрат Досаев Тараз әкімі болып биылғы 24 сәуірде тағайындалған.

Ақпарат құралдары Таразда 12 жастағы оқушының мектеп дәретханасында зорланғаны туралы хабарды 18 қараша күні таратты. Бұл оқиға бойынша 38 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленуші өзіне зорлық жасаған адам сол екенін айтқан. Ұсталған азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.