Жұмыс беруші мен қарапайым қызметкер нені ескеруі керек?
Қаржыгердің айтуынша, қазіргі төтенше ахуалға байланысты дүниежүзінде бизнес қолайсыз дамып жатыр, мұндай жағдайда ол құлдырауы әбден мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер екі маңызды нәрсені ескеруі керек.
Бюджетті дұрыс есептеу және әр қадамды жоспарлап отыру — бизнеске ең керек нәрсе. Қор капиталынсыз, қаржы жоспарынсыз, нақты стратегиясыз құрылған бизнес құламай қоймайды. Әр бизнесмен өз ісінің инвестиция әлеуетін бағалап отыруы керек. Кәсіп иесін түнде ұйықтап жатқан жерінен оятып, компаниясының кейінгі нарықтағы бағасын сұрағанда жауап бере алмаса, онда оның бизнесі ағынның ыңғайына қарай жүріп жатыр деген сөз, — дейді маман.
Ал бір айлықпен күнелтіп жүрген қарапайым азаматтар карантин жағдайынан кейін қосымша табыс тауып, қаражатты депозитке салып отыруды әдетке айналдыруы керек. Қазіргі кезде адам кәсібі әрең жүріп тұрған жұмыс берушіге барып, қосымша ақша сұрай алмайды.
Ақшаны жинау мен оны нақты қорда сақтау жай айтылып жүрген нәрсе емес. Елімізде депозитке қосылатын сыйақы мөлшері наурызда 12% болып өзгерді. Оған дейін ашылған депозитке мұндай процент жүрмейді. Сондықтан жаңадан депозит ашқан дұрыс. Айлықтан бөлек қосымша кіріс міндетті түрде қажет, — дейді Күнекей Нұрлан.
16 маусымнан кейін клиенттер кредитті қалай төлейді? Өзгеріс бола ма?
Біраз адамның табыссыз қалуына байланысты еліміздегі барлық банк кредит төлеуді 3 ай кейінге қалдырды. Күнекей Нұрланның айтуынша, кредиті бар азаматтар Finreg.kz сайтынан қаржы жүйесіне байланысты жаңа қаулылармен танысып жүруі керек. Қаржы ұйымдары кредит төлеуді 90 күн кейінге қалдырғанымен оның сомасын да, процентін де өзгерткен жоқ.
Тек 16 маусымнан кейін кредиттің ай сайынғы көлемі мен төлеу мерзімі өзгеруі мүмкін. Бұл әр банктің өз шешіміне байланысты.
Біріншіден, банк кредиттің мерзімін 3 айға соза алады. Егер адам 3 жылға кредит алса, кейінге қалдырғаны үшін оған тағы 3 ай қосылады. Бұл тұста ай сайынғы төлем мен процент көлемі өзгермейді. Екіншіден, банк кредитті өтеу мерзімін ұзартпай, 3 айда төленбеген процентті қалған айларға бөліп қоя алады. Сонда адамның ай сайын төлеп жүрген сомасы өзгереді. Банк осы екі тәсілдің қайсын таңдағанын оның call орталығына хабарласып, білу керек. Кей банк клиенттің өтінішінсіз несиені төлеу мерзімін кейінге қалдырса, кейбірі мұны тікелей өтініш негізінде жасады. Сондықтан қарыз алушы кредит статусын және оны төлеу мерзімін тексеріп алғаны жөн, — дейді маман.
Қаржыгер қазіргі жағдайда шығынды есептеп отыруға кеңес береді.
Үлкен бизнес иесіне де, бір айлықпен күнелтіп жүрген азаматқа да айтарым — қаражаттың кішкентай болса да, бір бөлігін қорда сақтағаныңыз жөн. Шығын көлемін есептеп, оны азайтып отыруды, бірнәрсені сатып аларда жақсылап ойлануды әдетке айналдырған дұрыс. Қаржы тапшылығы жағдайында алаяқтық жасайтындар да көбейеді. Соларға алданбау керек. Ресми дереккөзге жүгініп, ақшаны еліміздегі жүйеленген, сенімді банкте жинаған абзал, — дейді Күнекей Нұрлан.