Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевқа Birgemiz қорының қазіргі қызметі мен партия мүшелері арасындағы іріктеу — праймеризге дайындық туралы мәлімет берді.
Бауыржан Байбектің мәліметінше, Birgemiz қорының қаражаты есебінен 360 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек және 240 мың отбасына азық-түлік берілді. Нұр-Сұлтан мен Алматының медицина мекемелерінде жұмыс істейтін 2100-ден астам қызметкер біржолғы төлем алды.
Birgemiz қоры Мақтаарал ауданындағы Достық ауылының тұрғындарына баспана салу үшін 340 миллион теңге де бөлген. Сонымен қатар партия белсенділері мен волонтерлары тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 1000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің шағын қалалары мен ауылдарындағы мұқтаж адамдарды қолдауды жалғастыруды тапсырды.
Төтенше жағдай кезінде Jas Otan бүкіл ел бойынша 5 мыңнан астам волонтерды жұмылдырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж адамдарға көмек жеткізді. Нағыз патриоттардың, жауапкершілігі мол жас көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасқаны қуантады. Олардың ең белсенділеріне арналған алғысхаттарға қол қойдым, — деді Тұңғыш Президент.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, қоғамдық қабылдауларға келіп түскен хаттардың саны 7 есе ұлғайған және шешілген мәселелер саны да артып келе жатыр.
Бауыржан Байбектің айтуынша, қазір Nur Otan партиясының 10 мың мүшесінен құралған кадрлық резерв жасақталды. Праймериз ережелері әйелдер мен жастарға арналған квоталарды ескере отырып бекітілді. Партия өз мүшелері арасында жылдың екінші жартысында іріктеу жүргізеді.
Әсет Исекешев Тұңғыш Президентке Қауіпсіздік кеңесінің коронавирустың таралуы мен экономикадағы дағдарысқа қарсы шешімдерінің орындалу барысы, елдегі заңдылық пен құқық тәртібі ахуалы, әскери, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметі және қорғаныс өнеркәсібі кешенінің даму перспективалары туралы ақпарат берді.