Қызылорда облысында құрғақ шұбат өндіретін зауыт ашылады

Жоба аясында 6 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар биыл жалпы құны 44,2 миллиард теңге болатын үш жобаның құрылысы басталды.

Арал ауданында Qazaq Camel ЖШС түйе сүтінен жылына 130 тоннаға дейін құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт салу жобасын іске асырып жатыр. Жобаның құны — 1,5 миллиард теңге. Кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Осы ауданда «Қазақстан Аквакультура ЛТД» кәсіпорнының жылына 4 мың тонна балықты өңдейтін зауыты да іске қосылады. Жобаның құны — 160 миллион теңге. Ол 100 жаңа жұмыс орнын ашады.

Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» серіктестігі жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосады. Жобаның құны — 1,9 миллиард теңге. Өндірісте шамамен 50 адам жұмыспен қамтылады.

Тағы бір жоба — Қызылордадағы табақ шыны өндіретін зауыт құрылысы. Жобаны Orda Glass серіктестігі жүзеге асырады. Зауыттың жылдық қуаты — 197,1 мың тонна. Ал құны — 42,1 миллиард теңге. Зауыт іске қосылғанда өндірісте 226 адам жұмыс істей алады.

«Арал Сода» серіктестігі Арал ауданында жылына 120 мың тонна ас тұзын өндіретін испан цехын салып жатыр. Жобаның құны — 2,9 миллиард теңге. Өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылады.

Осы жылдың екінші жартысында тағы екі жоба іске асады. «Арал Сода» Арал ауданында жылына 300 мың тонна кальцийленген сода өндіретін тағы бір зауыт салуды бастайды. Жобаның құны — 93,5 миллиард теңге. Зауыт 699 жаңа жұмыс орнын ашады.

ABK Prom Service серіктестігі Қызылордада жоғары қысымды шыны пластик құбыр өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Зауыт жылына 300 шақырым құбыр шығармақ. Жобаның құны — 1,8 миллиард теңге. Ол шамамен 80 адамды жұмыспен қамтиды.