Сенатор: Шетелге заңсыз жіберілген ақша елге қайтарылып жатқан жоқ

Сенат депутаты Ольга Перепечина кейінгі 5 жылда шетелге қаржыны заңсыз шығару қылмысы бойынша 238 іс қозғалғанын, бірақ кеткен ақша елге ақыры қайтпағанын мәлімдеді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. 

Капиталды бақылау мен бағалаудың бірыңғай жүйесі болмағандықтан біз шетелге кеткен қаражат сомасы қанша екенін нақты білмейміз. Tax Justice Network халықаралық ұйымының мәліметінше, кейінгі 20 жылда Қазақстаннан офшор аймағына 140 миллиард доллар кеткен, — деді Ольга Перепечина.

Депутаттың мәліметінше, 2015-2019 жылдары Қаржы министрлігінде ұлттық және шетел валютасын қайтару талабын орындамау деректері бойынша 238 қылмыстық іс тіркелді. Реабилитация бойынша тоқтатылған тағы сонша іс болды, үш қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Тоқтатылған 238 істің 70%-і немесе 170-і қылмыс құрамы болмағанына байланысты делінген, яғни капиталды шетелге шығару бар, бірақ ұлттық заңнама ондай фактіні құқық бұзу деп қарастырмайды, — деді сенатор.

Оның айтуынша, сотқа барған үш іс бойынша да шетелге кеткен қаржы елге қайтарылмаған. Себебі Қылмыстық-процестік кодексте қаржыны қайтаруға міндеттейтін норма жоқ.

Ұлттық заңнама шетелге ақша шығарудың көп заңды әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Капиталдың шетелге заңсыз шығарылғаны анықталғанда да ақшаны қайтару міндеттемесі қарастырылмаған, — деді Сенат депутаты.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз