Мамандардың зерттеуіне қарағанда 2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде ақша аударудың халықаралық жүйелері бойынша жөнелтілген қаражаттың жалпы көлемі 506 миллиард теңге болды. Бұл 2018 жылдың 9 айына қарағанда 2,3% көп. Дегенмен 2017 және 2018 жылдары шетелге бір жылда аударылған ақша көлемі бұдан әлдеқайда әлдеқайда көп болған, айталық, 2017 жылы көрсеткіш бір жылда 23,3%, былтыр 36,8% артқан.

Халықаралық жүйелер бойынша жөнелтілген қаражаттың 94%-ке жуығы немесе 473,8 миллиард теңгесі шетелге кеткен. Өзге мемлекеттерге аударылған қаражат көлемі былтырғы үш тоқсанға қарағанда 8,3% артып отыр. Ақша жөнелтушілердің 83%-і — Қазақстан азаматтары. Бұл жүйелер бойынша Қазақстан аумағына аударылған қаражат көлемі былтырғы үш тоқсанымен салыстырғанда 43,5% азайып, 32,2 миллиард теңге болды.

Биылғы үш тоқсан ішінде шетелден елімізге аударылған қаражат көлемі де 2,1% ұлғайып, 260,8 миллиард теңге болды. Шетелге аударылған қаражат пен шетелден келген қаражат арасындағы айырма бір жылда 182,1 миллиард теңгеден 213 миллиард теңгеге өсті.

Ақша аударудың халықаралық жүйелері бойынша Қазақстан белсенді қаражат алмасатын шет мемлекеттердің қатарына Ресей, Өзбекстан, Түркия және Корея Республикасы кіреді.

Шетелге аударылған жалпы қаражат көлемінің 32,3%-і немесе 152,8 миллиард теңгесі Ресейге кеткен, Ресейден бізге аударылған қаражат Қазақстанға келген жалпы аударым көлемінің 39,4%-іне тең, ол — 102,6 миллиард теңге.

Шетелге аударылған жалпы қаражат көлемінің 22%-і немесе 104,4 миллиард теңгесі Өзбекстанға, 13,7%-і немесе 65,1 миллиард теңгесі Түркияға тиесілі.

Қазақстанға шетелден көп қаражат аудару жағынан Ресейден кейінгі орындарды Корея Республикасы мен Өзбекстан иеленіп отыр. Елімізге аударылған жалпы қаражаттың 18,8%-і немесе 49,1 миллиард теңгесі Кореядан, 8,6%-і немесе 22,5 миллиард теңгесі Өзбекстаннан.