Қызылордада саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні онлайн аталады

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға енген барлық шара жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде онлайн форматта ұйымдастырылады. Атап айтқанда, облыстық кітапханаларда «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, «Қазақ зиялылары және зұлмат жылдар» атты зиялы қауым өкілдері мен тарихшылардың онлайн форматтағы кездесуі өтеді.

«Нәубет жылдар — халық қасіреті» атты виртуал тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылып, «Сыр Шаңырағы» YouТube каналында драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі қойылады. Сонымен қатар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, халықтың рухани санасын қалыптастыруға бағытталған «Байтұрсынов оқулары» онлайн шарасы өтеді. 31 мамыр — қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған барлық шара Қызылорда әкімдігінің «Қызылорда арнасы» және «Мәдениет мәйегі Қызылорда» атты YouTube каналында көрсетіледі. Сонымен қатар «Сыр Шаңырағы» каналында «Елім-ай», «Тәуелсіздік мұраттары» атты облыстық жыршы-термешілердің концерті, «Сыр Бірлігі» YouТube каналында «Трагедия народа и уроки истории» атты өңірдегі тарихшылардың, этномәдени бірлестік өкілдерінің тарихи танымдық ой-пікірлері түсірілген видеороликтердің көрсетілімі ұйымдастырылады, — деді Мира Қазбекова.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне гүл қою рәсімі карантин және санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.