Белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев бізге тамыр ішінен жасайтын операциялары мен медицинаның осы бағытының басқа да жетістіктері туралы айтып берді.
Хирургия — өзіңе жауапкершілік алуға, жылдам шешім шығаруға, аз уақытта дұрыс әрекет жасауға тәрбиелейтін мамандық. Оның ішінде нейрохирургия — мидың қан тамырлары ауруын емдейтін ерекше сала. Осы саланы меңгеруге бар күш-жігерімді жұмсап келемін. Медицинада жүргеніме академиялық уақытты қоса алғанда 22 жыл болады екен. Елімізде медицина кейінгі 10 жылда әлдеқайда дамыды. Жаңа технологияны пайдалану хирург жұмысын едәуір жеңілдетті. Соның арқасында диагностика зертханалары, операция бөлмелері кейінгі үлгідегі құрылғылармен жабдықталды. Бұл диагнозды дұрыс қойып, дер кезінде ем жүргізуге, науқастар арасындағы өлім-жітім көрсеткішін азайтуға мүмкіндік берді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандар медицинадағы тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырды, — дейді дәрігер.
Мыңжылқы Бердіқожаев 2016 жылдан бері Алматыдағы Президент Іс басқармасының Медицина орталығына қарасты Орталық клиникалық ауруханада нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Оған дейін астанадағы Нейрохирургия ұлттық орталығында, Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада қызмет етті. Дәрігердің айтуынша, эндоваскуляр (тамыр ішінен жасалатын) рентген хирургиясы — негізінен инсультқа ұрындыратын ауруларды емдеуге арналған жаңа технология. Хирургтар науқастың бассүйегін ашпай-ақ (трепанациясыз) қан тамыры арқылы миға немесе жұлынға операция жасайды.
Мидың қан тамырлары ауруларының ішінде ең жиі кездесетіні — қан тамырларының тарылуы, стеноз, аневризма, ишемия инсульті. Тамырдың ішіндегі ұйыған қанды алып тастау, ісікті кетіру, ми қабықшасының астына кеткен қанды, мұрыннан, ауыздан кететін қанды тоқтату сияқты операцияларды эндоваскуляр технологиямен жасаймыз. Адамның басы қатты ауырған кезде көктамыр қойнауы тарылады (венозный синус). Оны стенттеу (зақымданған орган қуысына немесе тамыр ішіне арнайы каркас салу) операциясымен емдейміз. Кейде науқастың тамыры арқылы операция жасау мүмкін болмайтын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, омыртқа сынғанда, жарық (грыжа) пайда болғанда немесе омыртқада, бастың ішінде қан ұйып қалса, ісік өссе, басты да, омыртқаны да ашып операция жасауға тура келеді, — дейді нейрохирург.
Тамыр ішінен жасалатын операцияның артықшылығы — науқастың денесінде тыртық қалмайды. Операция білектегі артериядан жасалса, 2 миллиметр шамасында қара дақ қалуы мүмкін. Ал сан артериясына жасалса, шаптағы кішкентай ғана тыртық түкті теріден көрінбей тұрады.
Операцияны көбіне сан артериясы арқылы жасаймыз, кейінгі кезде білек артериясынан («сәуле артериясы» деп те аталады) да жасап жүрміз. Екеуінің де өз ерекшелігі бар. Білектегі артериядан жасалса, науқас операциядан кейін тұрып жүре береді, тіпті науқас операция болғанын білмей де қалады. Саннан жасалатын болса, төсекте 12 сағат қозғалмай жатуы керек. Хирургия операцияларының 30%-тен астамы ағзаның белгілі бір бөлігін жансыздандырып, яғни жергілікті анестезиямен жасалады. Мысалы, мидағы тромбыны алып тастайтын кезде қан тамырының ішімен миға жетеміз, ол манипуляцияны науқастар сезе қоймайды. Рентгеннен көрінуі үшін тамырларды бояйтын контраст препарат енгізген кезде адамның көзінен жарық шығып, бойына шамалы қызу барғандай болады, «ыстық дәрі» егіп жатқандай сезінеді. Ауырсына қоймайды. Өте ұсақ тамырларға катетер (сұйық енгізуге және шығаруға арналған түтік) енгізілгенде адамдардың 70%-іне жалпы анестезия (наркоз) қолданылады. 15 жасқа толмаған балаларға операция жасалғанда ауырсынуды болдырмау жөнінде халықаралық шарт бар. Сондықтан оларға наркоз міндетті түрде қолданылады. Балалардың шабына интродьюсер (катетер мен электродтарды орналастырушы пластик түтік) деген кішкентай катетер қойылады. Көлемі — 3 миллиметр ғана, — дейді дәрігер.
Мыңжылқы Бердіқожаев күніне 3-6 операция жасайды. Операцияға бес адам қатысады. Оған шамамен бір сағат уақыт кетеді. Науқастың жағдайы ауыр болса, хирург жұмысы 2-3 сағатқа созылады. Арасында палатада жатқан науқастардың жағдайын бақылайды. Көмек сұрап келгендерге кеңес береді. Нейрохирургты балалар хирургиясы ауруханасына кеңес беруге, операцияға көмектесуге жиі шақырады.
Балаларға операция жасаудың өз ерекшелігі бар. Олардың анатомиясы қарт адамдарға ұқсас болатын жағдайлар кездеседі. Тамырларының диаметрі сәл өзгеше, құрылымы қисық болады. Көбіне балаларда тұқым қуалайтын аурулар жиі кездеседі. Соның бірі — артерия мальформациясы. Аневризма мен ишемия инсульті өте сирек болады. Александр Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының ақылы емдеу бөлімінде шетелден келген науқас балаларға операция жасаймыз. Себебі біздің аурухананың балаларға операция жасауға лицензиясы жоқ, — дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, бұрын инсультке ұшырағандар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші жылына 50% шамасында болса, қазір хирургиядағы тамыр операцияларының арқасында ол 2%-тен аспайды. Хирургия үстеліне келген адамдардың 10%-інің ауруы асқынған болып шығады.
2014 жылы Алматыдағы №7 ауруханада және кейін Орталық клиникалық ауруханада науқастарға тамыр ішінен операция жасайтын бөлім ашылды. Барлығы — шамамен 40 төсек-орын. Оған дейін қан тамырлары ауруларына шалдыққан, миына қан кетіп (геморрагия инсульті) немесе мидағы қанайналымы бұзылғанынан (ишемия инсульті) инсультке ұшыраған науқастар өте ауыр жағдайда көз жұмып жатты. Кейінгі 6 жылдың ішінде науқастарға дер кезінде операция жасап, инсульттен қайтыс болу көрсеткішін азайттық, — дейді ол.
Нейрохирург операцияға дейін пациент пен оның туыстарына барлық қауіп-қатер түсіндірілуі керек деп есептейді. Сонда науқас аман қалмаған кезде оның туысқандарымен сөйлесу ауыр болмайды. Кейде операция шұғыл жасалып, дәрігерлер ешкіммен сөйлесе алмай қалуы мүмкін. Мұндай кезде хирург жұмысынан кейін емделушінің туыстарымен арада түсінбестік болып жатады.
Ишемия инсультіне ұшыраған науқастардың көз жұмып кету қаупі миына қан құйылғандармен салыстырғанда аз, бірақ инсульттен соң олар бір жақ қол-аяғын қозғалтай алмай, сөйлей алмай, тіпті ойлау қабілеті нашарлап та жатады. Алдағы уақытта ишемия инсультіне ұшырағандарға алғашқы 6 сағат ішінде операция жасауды жоспарға енгіземіз деп мақсат қойып отырмыз. Оған қазір барлық жағдай жасалған, — дейді нейрохирург.
Мыңжылқы Бердіқожаев АҚШ, Израиль, Бразилия, Үндістан және Еуропа елдеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрады. Елдегі резидентурада білім алып жатқан жастарға сабақ береді. Ол медицинада алған біліміңді басқаларға беру өте маңызды деп біледі.
Осы саланы таңдаған кезде мұғалімімнің айтқан сөзі бар. Ол «Кез келген адамды хирургияға үйретуге болады. Жақсы хирург әуелі мықты терапевт болуы керек. Адамды пышақпен, дәрімен ғана емес, сөзбен де емдей білу керек» деген еді. Хирург болғысы келетін жастарға терапияны, емдеуді, профилактиканы жақсылап меңгеруге кеңес беремін. Қолдың ебі болса, хирург болып шығу аса қиын емес, — дейді дәрігер.
Мыңжылқы Бердіқожаев кез келген адамға медицина жетістіктерінің пайдасы тисе және науқастар шетелден ем іздеуге мәжбүр болмаса екен деп армандайды.
Мүмкіндігім болса, әуелі қоғамдағы адамдардың сана-сезімін өзгертуге күш жұмсар едім. Балабақша мен мектепке баратын балалардың жеке тұлға болып қалыптасуына көп көңіл бөлуіміз керек. Адамның бойына жақсы қасиеттерді сіңіруде отбасының, тәрбиешінің, педагогтың үлесі зор. Біз зиялы, көзі ашық, көкірегі ояу саналы, білімді ұрпақ тәрбиелегенде ғана жетістікке жетеміз. Сонда медицина ғана емес, кез келген саланы таңдаған жас маман қоғамды алға сүйрейді, — дейді дәрігер.