Ұлттық кеңестің кезекті отырысы адами капиталды дамытуға, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналды. Сенатордың айтуынша, бұл тегін емес, себебі мемлекет адамдардың кәсіби білігіне арқа сүйейді.
Пандемия жағдайында адамға не керек екені белгілі болды. Барша адамзат баласы білімге ұмтылады. Кез келген елдің білім беру деңгейі — экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші. Бұл мемлекет пен қоғамның қарышты дамуының негізгі кепілі саналады. Білім беруде олқылық кетсе, салдары өте ауыр болады. Қисық ағашты кесуге, түзетуге болар. Надандықты қайтіп түзейміз? Бұл созылмалы ауру сияқты, ал оның зардабын бүкіл халық тартады. Білімі нашар халық ұзаққа бара алмайды, — дейді Нұртөре Жүсіп.
Депутаттың айтуынша, TIMSS және PISA халықаралық зерттеулерінің көшбасшы мемлекеттері — Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурда мұғалімнің беделі өте жоғары. Финн мұғалімдері Қазақстандағы әріптестеріне қарағанда 9-14 есе артық еңбекақы алады. Сенат өкілі Президент сол себепті біздегі педагогтардың еңбегін бағалауға көңіл бөліп отырғанын айтты.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің үшінші отырысын өткізгені хабарланған еді. Президент білім беру саласының проблемаларын шешуді тапсырды.