Кейінгі мәліметтерге сәйкес 289 заңды тұлға, 3138 жеке кәсіпкер мен 940-қа жуық шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Олар биылғы 4 ай ішінде бюджетке 52 миллион теңгеге жуық салық төлеген.
Бұған қоса, жергілікті өнеркәсіп өнімі мен өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің де несібесі былтырғыдан еселеніп, нәтижесінде 8419 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Тек бөлшек сауда көлемі 2019 жылдың осы уақытындағыдай сауда жасай алмады. Бұл қазіргі уақытта 86,2% көрсетті.
Жалпы осы мезгілде аудан кәсіпкерлері мен ісін жаңадан бастаушылардан сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдарына 80 өтініш жолданған. Оның басым бөлігі қолдау тауып, жалпы көлемі 300,3 миллион теңге несие мен грант қаражаты берілді. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасымен Өңірлік инвестиция орталығы 10 жобаға 27,8, ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қорынан 17 жобаға 47,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Тағы 47 бизнес-идея «Қарапайым заттар экономикасы», «Қазалы-Несие» кредиттік серіктестігі мен «Стартап» грант жобасы арқылы қолдау тапты.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы — 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін құны 145,5 миллион теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржы алып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланды. Бұл аз десеңіз, бағдарламаның кепілдік беру компоненті бойынша 5 жобаға «Даму» қоры 45,9 миллион теңгеге кепілдік берді.
Осы бағдарламаның өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты аясында «РЗА» АҚ-ның «Ірі қара мал өсіру кешенін 1200 басқа және сүт өңдеу зауытын кеңейту, ІІ кезеңінің», электрмен жабдықтау жобасына республикалық бюджеттен 158,4 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар «Сумен жабдықтауды» іске асыру үшін жоба-смета құжатын әзірлеуге облыстық бюджеттен 70,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұған қоса, қаржыландырылуға ұсынылған екінші жоба – «Әйтеке би кентінде көлік-логистикалық орталық инфрақұрылымын қамтамасыз ету» жобасына 148,9 миллион теңге қарастырылды. Ал қазіргі кезде қаржы ұйымдарында 481,0 миллион теңге болатын жеті жоба талқыланып жатыр.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің берген ақпаратына сай, 4 айда 40 адам 200 айлық есептік көрсеткіш (530 200 теңге) көлеміндегі грантқа ие болды.