25 мамырда Алматыда карантин шараларын босаңсытудың кезекті кезеңі басталды. Соған қарамастан бұл кезеңде қалада маска режимі енгізіліп отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, әр адам жауапкершілікті сезініп, маска тағуға міндетті.
Қалада түгел маска режимі енгізілген. Осы мәселе жөнінде полиция мен аудандық әкімдік қызметкерлері халық көп жиналатын жерлерде түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Осы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Өйткені маска режимі маңызды, оны сақтамасақ, коронавирус одан әрі өрши береді. Сондықтан әр азамат жауапкершілікті сезініп, қоғамдық көлік сияқты адам көп жиналатын орындарда маска тағып жүруі керек, — деді Ерлан Қоғажапанов.
Оның айтуынша, қалада маска тақпай жүрген 400 адам полицейлер мен аудандық әкімдік қызметкерлерінің көзіне түскен.
Әзірше біз осы шарамен шектеліп отырмыз. Жақын арада қалыптасқан эпидемиология жағдайын ескеріп, айыппұл саламыз немесе тағы басқа әкімшілік жаза қолданамыз, — деді Алматы әкімінің бірінші орынбасары.
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, маска тақпай жүрген жеке тұлғаға 5 айлық есептік көрсеткіш (13 890 теңге) көлемінде, қызметкерлерінің маска тақпауына жол берген лауазымды тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш (41 670) көлемінде, осы талапты орындамаған шағын бизнеске 100 айлық есептік көрсеткіш (277 800 теңге) көлемінде, орта бизнеске 200 (555 600 теңге), ірі бизнеске 500 айлық есептік көрсеткіш (1 389 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.