Президент: Азаматтарға бетпердені тегін тарата алуымыз керек

Ақорда сайтының хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы Президентке әлемде және Қазақстанда коронавирустың таралуына қарсы күресті үйлестіру мен мониторинг жасау әдістері, оның ішінде ауырғандарды анықтау мен есепке алу жөніндегі жұмыста қолданылатын цифр технологиясы туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың қолайсыз эпидемиология жағдайында атқаратын ролін жоғары бағалады, ол азаматтарды тыныштық сақтауға үндеп, Үкіметке індеттің таралуына байланысты халықты шұғыл әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету міндетін жүктеді.

Үкімет аз жұмыс істеген жоқ. Мамандардың бағалауынша, біз Еуропа елдеріне қарағанда айтарлықтай шұғыл әрекет етіп жатырмыз. Дегенмен бізге нәтиже керек. Халық әлі толық ақпарат ала алмай отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Президент елде медицина бетперделері тапшы екенін айтты. Үкіметтен халықты бетпердемен жедел қамтамасыз етуді талап етіп, азаматтарды үнемі антисептик пайдалануға және бетперде тағуға үндеді.

Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперде жетіспейтінін айтқым келеді, бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан халық дәріханаларда бетперде жоқ екеніне әлі шағымданып жатыр. Неге? Бұл алыпсатарлық деп ойлаймын. Біз барлық қаладағы негізгі көшелерде азаматтарымызға тегін бетперде тарата алатындай болуымыз керек. Бұл — Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шекаралас мемлекеттермен іс-қимылдарды үйлестіру қажет екенін айтты.

Кейінгі бірнеше күнде Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның Президенттерімен сөйлестім. Негізінен біз Үкіметтеріміздің тығыз ықпалдаса жұмыс істеуі керек екені жайында әңгімелестік. Бұл ортақ мәселе болғандықтан бірлескен жұмысы арттыра түсуіміз керек. Бірлесе әрекет еткен жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтары, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер карантин режимін сақтап, белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істеуі керек екенін айтты.

Бақылау-өткізу бекеттерін қойғанымыз әзіл немесе спектакль емес. Карантин режимін қатаң сақтамай, біз бұл бағытта ешқандай табысқа қол жеткізе алмаймыз. Біз карантин жағдайын қатаң сақтауға тиіспіз, — деді ол.

Президент Қазақстанның денсаулық сақтау саласын, санитария-эпидемиология қызметін және медицина ғылымын дамытуға ерекше мән беру керек екенін де айтты.

Қазір бүкіл әлемнің және әлем экономикасының тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы жерде медицина қызметкерлеріне коронавирус пандемиясына қарсы күреске қосқан үлесі үшін алғыс айтты.