Қызылордада студенттердің химия пәнінен республикалық олимпиадасы өтті

Онлайн форматта өткен білім сайысының басты мақсаты — жастардың шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыру және химия саласындағы студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру.

Олимпиада нәтижесі бойынша «Үздік команда» номинациясымен І орынды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, ІІ орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ие болды. Ал ІІІ орын үш университетке — Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне тиесілі болды.

Сайыста студенттер «Үздік студент» номинациясы бойынша да бақ сынады. Нәтижесі бойынша І орынды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің білім алушысы Т.А.Горшкова иеленді. Ал ІІ орынды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен И.А.Шкрябко мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Н.М.Ералиева иеленді. ІІІ орынды Ж.Б.Сейтқазы (Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті), А.Өтегенова (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті), Н.Тоқтамыс (Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті) алды.

Олимпиаданың жабылу салтанатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Б.С.Кәрімова сөз сөйлеп, барша жеңімпаздарды жүлделі орынмен құттықтады.