Министрліктің хабарлауынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге алу үшін берілген, бірақ қабылданбаған өтінішті қарау алгоритмін реттейтін түзету енгізілді. Өтініші қабылданбаған азаматтар аудандық немесе қалалық штабқа хабарласып, тиісті құжаттарды көрсетуі қажет.

Өтініш табысынан айырылған азаматтардың (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар) өзінен де, олардың жұмыс берушілерінен де қабылданады.

Талап етілетін құжаттар

Қызметкерлері үшін құжат тапсыратын жұмыс берушілер үшін:

– жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы бұйрық;

– кірістен айырылу фактісін растайтын құжаттар (қаржы және өзге де есеп, банк шоттарының үзіндісі, бухгалтерлік баланс және басқа құжаттар);

– мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған декларация (200-нысан).

Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар үшін:

– мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған декларация (200-нысан);

– табыстан айырылу фактісін растайтын құжаттар (қаржы және өзге де есеп, банк шоттарының үзіндісі, бухгалтерлік баланс және басқа құжаттар).

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар үшін:

– жұмыс орындау үшін заңды тұлғамен арада жасалған шарт.

Аудандық немесе қалалық штаб құжаттарды қарағаннан кейін өтініш берушінің әлеуметтік төлем алуға құқығы бар-жоғы туралы қорытынды шығарады.

Оң қорытынды “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне беріледі, ол “Өтініш беруші ісінің электрон макетін” қалыптастырады және деректерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалына береді. Филиал әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады.

Аудандық немесе қалалық штабтың, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының шешімімен келіспеген жағдайда өтініш беруші облыстық штабқа жүгіне алады.

Өтініш 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаралады.

Еске салайық, бұған дейін табысынан айырылғандарға біржолғы әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгергені және өтініш беру аяқталғаны хабарланған еді.