Министр: 42 500 теңге алуға өтініш қабылдау аяқталды

Министрдің мәліметінше, 42 500 теңге  4 миллион 539 мың адамға төленген, бұл — 193 миллиард теңге.

Соның ішінде төтенше жағдай режимінің алғашқы айында, яғни 16 сәуірге дейін өтініш беріп, әлеуметтік төлем алған азаматтар саны — 3 миллион 735 мың адам. Осы азаматтар екінші айға да төлем алуға құқылы, мамыр айынан бастап оны іске асыра бастадық. 5-6 мамыр күндері 2 миллионға жуық азаматтың шешімін рәсімдеп, 99 миллиард теңге банктерге жібердік. Оны біраз адамдар алып та үлгерді, — деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, бүгіннен бастап 42 500 теңге алуға өтініштер қабылданбайды.

11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталды. Сол себепті бүгіннен бастап 42 500 теңге алуға келіп жатқан жаңа өтініштерді қабылдауды тоқтатамыз. 11 мамырға дейін берілген өтініштер міндетті түрде қаралып, ережеге сәйкес болса, әлеуметтік төлем тағайындалады, — деді ол.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төлем азаматтарға қаншалық заңды берілгенін ешкім тексермейтінін, төтенше жағдай кезінде табыссыз қалғандарға берілетін 42 500 теңгені себепсіз алғандар қылмыстық жауапқа тартылмайтынын айтты.