Аман Өтемұратов былтырдан бері Google корпорациясының Цюрихтегі кеңсесінде видеожарнама бөлімінде жұмыс істейді. Бұған дейін қонақүйлерді броньдау жүйесі - Booking.com-да программа инженері болған. Ол Baribar.kz-ке қазіргі жұмысы туралы айтып берді.

Аман Өтемұратов – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлегі. Бакалавриат пен магистратураны есептеу техникасы және программалау мамандығы бойынша оқыған.

Оның айтуынша, программистердің көбі дүниежүзінің мықты-мықты компанияларында жұмыс істеуді армандайды, бірақ өзі Google-да қызмет ету үшін тәжірибе жинау керек екенін түсінген.

Оқуды бітіріп, жұмыс істеп жүрсем де, потенциалым толық ашылмай жүрген сияқты болды. Сөйтіп жаңа нәрселерді іздей бастадым. Дамығым келді. Шетел компанияларына өтініш жібере бастадым, бірақ бұл тізімге Google-ды қоспадым. Өйткені әңгімелесуден өте алатыныма сенбедім. Оның үстіне, әуелі Еуропадағы басқа компаниялардан тәжірибе жинап, содан кейін ғана Google-ға барамын деген мақсат болды. Осылайша бірнеше компаниядан шақырту келді. Бірақ көбінің жұмыс істеу принципі мен жалақысы көңілімнен шықпады. Кейін Booking-тің әңгімелесуінен өтіп, сонда жұмысқа тұрдым, – дейді ол.

Аман Booking компаниясында біршама уақыт қызмет еткеннен кейін Google-да жұмыс істеуге дайындықты бастаған.

Google-ға жұмысқа тұрудың өз форматы бар. Мысалы, мектепте қанша жерден жақсы оқысаңыз да, ҰБТ-ны тапсыруға дайындаласыз немесе IELTS-ты тапсырудың өз ережесі бар. Google-ға жұмысқа тұруды осы сияқты нәрсе деп білемін. Әңгімелесу кезінде алгоритм және деректер құрылымына қатысты көп күрделі есеп шығардық. Ал бұл есептерге дайындалып, машықтану үшін интернетте ресурс жеткілікті. Өзім көп есеп шығарып дайындалдым. Сонымен бірге блог, мақалалар оқыдым, – дейді программист.

Аман Өтемұратов
Аман Өтемұратов. Фото жеке архивінен

Онымен бірге Google-дың Цюрихтегі кеңсесінде төрт қазақ жұмыс істейді екен. Корпорация мамандары арасында көбірек сөйлейтін тіліне қарай өзара жақын араласу үрдісі бар. 

Жұмысқа тағы екі жігіт келуі керек еді, бірақ, өкінішке қарай, коронавирус салдарынан енгізілген карантинге байланысты жете алмай отыр. Жалпы, дүниежүзі бойынша Google-да жұмыс істейтін қазақтар аз емес деуге болады, көбі АҚШ-та жүр. Ал Цюрихтегі қазақтарда комьюнити аз. Booking-те жұмыс істеп жүргенімде 25-ке жуық қазақ болдық, өзімізді бір ауыл сезіндік, жақсы араластық. Цюрихте жұмыс істейтін қазақтармен ғана емес, орыстармен, белорустармен, жалпы орысша сөйлейтіндермен де жақын араласамыз. Көп нәрсе тілге келіп тіреледі ғой, ойыңды қай тілде еркін жеткізесің, сол ортаның адамдарымен жақсырақ тіл табысасың. Ағылшын тілін қанша жерден жетік білсең де, бәрібір түпкі ойыңды жеткізе алмай қиналасың, – дейді ол.

Аманның айтуынша, IT, басқа да технологиялар саласын меңгеру мамандар арасындағы коммуникацияға тәуелді. Сала өкіліне жұмыстағы кез келген істі оңаша жағдайда емес, команда болып орындауға тура келеді.

Аман Өтемұратов
Аман Өтемұратов. Фото жеке архивінен

Аман Швейцарияда қалып қоятын ойы жоқ екенін айтты. Трансұлттық технология алпауытындағы жұмысына әлі бір жыл бола қойған жоқ. Мол тәжірибеден соң елге қайтамын деп отыр.

Кем дегенде алдағы 5 жылда Google-да жұмыс істей беремін. Тәжірибе маңызды, бизнесті қалай жүргізу керек, өнімді қалай танытып, одан қалай пайда табуға болады деген сияқты нәрселерді көбірек біле бастайсыз. Түбінде Қазақстанға ораламын. Жақсы ұсыныс түсіп жатса, елге одан да ерте баруға дайынмын, бірақ дәл қазіргі уақытта осында жұмыс істеу барлық жағынан тиімді деп ойлаймын. Өйткені шетелде жұмыс істеген 3-ақ жылдағы тәжірибеммен Қазақстанға берер пайдам көп болмайды. Қазақстанда IT саласы дамып жатса, қызметіме сұраныс болар немесе өзім де стартап ашып, бизнес жасауым мүмкін, – дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстаннан шыққан тағы бір программист Назерке Қалидолданың Google-дағы тәжірибесі туралы әңгімелеген едік.