Ерғали 13 мамырда басқа волонтерлармен бірге Мақтаарал ауданыныдағы Атакент ауылына барып, тұрғындарға тарату үшін көтеріп келген жылы киімдерді, азық-түлікті сондағы қоймаға қалдырады. Ертесіне ауылдардың жай-күйін білмекші болып, жолға шығады. Бірақ Өргебастан басқа ауылдарды көре алмапты. Мұнда да ауылдың кіреберісінен ары қарай өте алмаған. Ондағы әскерилер тұрғынды да, волонтерды да, журналисті де кіргізбейді. Волонтердың айтуынша, су тасқыны болған алғашқы күндері тұрғындар құжатын, керек-жарағын алу үшін қираған үйіне барып жүріпті. Кейінірек әскери адамдар әр 50 метр сайын тұрып, ауылды қоршаған. Ерғали ауылда 2 күн болып, көргенін фотоға түсіріп қайтқан.
Өргебас үлкен жолдың бойында орналасқан. Жолдың оң жақ бетінде ауыл тұрғындарының үйі болса, сол жақ беті жазық дала. Ерғали әскерилердің ауылдағы суды құбыршек (шланг) арқылы жазық жақ бетке өткізіп жатқанын көрген.
Жол бойында орналасқандықтан Өргебас ауылын сыртынан көруге болады. Су басқан біраз ауылдың маңына да жолай алмадық. Өйткені біз барған кезде оларда су деңгейі әлі де жоғары болып тұрды, — дейді волонтер.
Оның айтуынша, ауылдағы үйлерде енді тұру мүмкін емес. Су деңгейі ғимараттардың шатырына дейін жеткен. Сөйтіп, көп үйдің жарты қабырғасы құлаған.
Үкімет зардап шеккен барлық отбасына үй салып беретін болды. Мырзакент ауылында үйлердің құрылысы басталып кетіпті. Мемлекет жаңа үй салып берсе де, халықтың бұрынғы үйі немесе үйі орналасқан жері тұрғындардың өзінде қалады, — дейді волонтер.
Ерғали ауыл маңында қараусыз жайылып жүрген малдарды көрген. Ауылдың су басқан жерінде де, жолдың бойында да сиырлар, түйе, жылқылар жүр. Олар кімнің төрт түлігі екені белгісіз.
Атакентте республика аумағынан барған азық-түлік, киім-кешек сияқты көмек заттарды жинайтын қойма бар. Ол жерде ұн, май, күріш, ірімшік, тәпішке, жаялық, құрылыс құралдары сияқты заттар тұр.
Қазір судан зардап шеккен халыққа көмек беру жүйеленген. Бұрынғыдай бір адам бірнеше рет көмек алып, бір адам мүлдем жәрдемсіз қалып қоймайды. Волонтерлар тұрғындар тұрып жатқан жерге барып, оларға не қажет екенін сұрап, тізім дайындайды. Кейін қоймадан сол заттарды апарып береді. Мәселен, Тараздың «Жас Отан» ұйымы мүгедектігі бар екі адамға арба қажет екенін біліп, сатып алып берді. Қоймаға тұрғындар келмейді. Айқай-шу, дүрлігу жоқ. Заттар қолды болып кетпеу үшін қоймаға бейнебақылау орнатылған екен, — дейді Ерғали.
Ерғалидің айтуынша, тұрғындарға көмектесіп жүрген волонтерлар мен әскерилер Атакент ауылындағы №36 мектепте түнеп жүр. Олардың көбі — Түркістан облысы мен су басқан ауылдарға жақын елді мекеннің азаматы. Волонтер Мақтааралға Қазақстанның түкпір-түкпірінен күніне 350 тоннадай көмек келіп жатқанын айтты.
Қазір ауданда 50 шақты волонтер бар. Негізі ауданға сырттан адам кіргізбейді. Біз рұқсат қағазымен кірдік. Атакентке жету үшін сегіз блокпостан өттік. Соған қарамастан үй-жайы суда қалған адамдарға жан-жақтан көмек келіп жатқаны қуантады, — деді Ерғали Әбуғали.
Айта кетейік, Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті 1 мамырда жарылды. 2 мамырда сағат 04.30 шамасында Мақтаарал ауданының өзбек шекарасындағы коллекторына су толып, одан соң бірнеше елді мекенді тасқын басты. 31 мыңнан астам тұрғын баспанасын уақытша тастауға мәжбүр болды. Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Мақтаарал ауданы ауылдарындағы судың тартылғанын мәлімдеген еді.