Президент Алматы әуежайындағы жаңа терминал жобасымен танысты

Мемлекет басшысы Алматыдағы жұмыс сапары барысында қалада жүзеге асып жатқан бірқатар инфрақұрылым жобасымен танысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркияның TAV airport Holding  компаниясы бас директорының орынбасары Серкан Каптан Қасым-Жомарт Тоқаевқа әуежайдың жаңа терминалының құрылысы туралы мәлімет берді.

Көлемі 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны — 150 миллион еуро, терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Аталған нысанның құрылысы 2022 жылдың 2-тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Алматы
Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы халықаралық әуежайы қайта жөндеуден өткеннен кейін бұл нысанның Орталық Азия аймағындағы ірі авиациялық хабқа айналатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысында салынатын ұзындығы 784 метрлік көлік жолайырығы құрылысының жобасымен танысты.

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған жоба қала жолдарындағы кептелісті азайтуға және тұрғындардың тіршілігіне қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында Әлеуметтік қызмет көрсету үйін де аралап көрді, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, тіршілік жағдайымен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әртүрлі салада қызмет көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Алматы
Фото: Akorda.kz

Қазақстан Президенті мұндай орталық ашу бастамасын қолдап, халыққа көмек көрсету жұмыстарының маңызын айтты.

Пандемияға қарамай, азаматтарымызды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу маңызды. Бұл — басым әрі стратегиялық міндет. Сондықтан бірыңғай әлеуметтік қамту орталығының салынуын қолдаймын. Бұл — дұрыс бастама. Мұны тиімді жүзеге асыру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.